RU

"Шынымен де жақсы": Қасым-Жомарт Тоқаев TikTok жобасын қолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Біздің өлкенің тарихы" TikTok жобасын құру туралы бастаманы қолдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚХА мүшесі патриоттық TikTok жоба құруды ұсынды. Тоқаев идеяны қолдады.

"Біздің өлкенің тарихы" TikTok жобасын құру туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл шынымен де жақсы жоба. Қазір жастар, негізінен, инстаграм мен тиктокта отырады. Бұл өмірдің шындығы, сондықтан біз мұны қабылдап, балалардың тәрбиесіне, мәдениеті мен көңіл-күйіне оң ықпал етейік", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент бұқаралық балалар спортын дамыту қажет екеніне тоқталды. Өйткені балалар бос уақытын интернеттегі "қажетсіз дүниелерге" жұмсайды.

"Ата-аналар олардың мектептен тыс жүріс-тұрысын үнемі қадағалай алмайды. Мұғалімдердің ондай мүмкіндігі жоқ. Сөйтіп біз балалардан айырылып қалып жатамыз. Сондықтан бұқаралық балалар спортын дамытайық. Қазір бұл бағытта ілгерілеу бар. Біз енді облыс әкімдерінің жұмысын өңірде бұқаралық балалар спортын дамыту бойынша да бағалаймыз", - деді президент.

Бұдан бөлек Тоқаев балаларды өнер мен мәдениетке тарту үшін облыс әкімдеріне балалар халық театрын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Президент қазақстандық балалар өте талантты және оларға қолдау көрсету қажет екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938258-synymen-de-zaqsy-qasym-zomart-toqaev-tiktok-zobasyn-qoldady/