RU

Алматыда Еуропа мен Ресейден келгендерді бақылау күшейтілді

Құжат
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда Еуропа елдері мен Ресейден келгендерді бақылау күшейтілді. Бұл туралы Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ол Ресей Федерациясында коронавирус жұқтырғандардың көбейіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ бұл қатарда Еуропа және Балтық елдері бар.

"Ресейдегі жағдай күрделене түсті. Еуропадан келгендерді бақылауды күшейттік, қазір аурудың күрт өсуі байқалады. Румынияда, Ұлыбританияда және Балтық елдерінде антирекордтар тіркеліп жатыр", - деді ол.

Соған байланысты көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиолог мамандары мен медицина қызметкерлері осы елдерден Алматы халықаралық әуежайына келгендерді бақылауды күшейтті.

Шетелден келген барлық жолаушының дене қызуы тексеріледі.

Сонымен қатар Алматының бас санитар дәрігері коронавирустың "дельта" штамы көп жағдайда адамның есте сақтау қабілетінің нашарлауына әсер ететінін айтты.

"Халық қазір "дельта" штамының бар екенін түсінуі керек. Бұрын коронавирустың диарея сияқты симптомы басым болса, қазір оған нейро-токсикалық синдром қосылды. Бұл – есте сақтау қабілетінің нашарлауы. Науқастар ауруханаға түскен кезде есін жоғалтатын жағдай кездеседі", - деді Бекшин.

Қаланың бас санитар дәрігері коронавирустың "дельта" штамы тарап жатқанда иммундық қабатты 80%-ке жеткізу қажет деп санайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938271-almatyda-europa-men-reseiden-kelgenderdi-baqylau-kuseitildi/