RU

"Мені құтқар": Өскеменде шақалағымен бірге көз жұмған әйелдің туыстары шу шығарды

Қара жамылған отбасы
Кадр: КТК арнасы

Өскеменде ана мен бала орталығында шақалағымен бірге көз жұмған әйелдің туыстары шу шығарды. Қара жамылған отбасы 37 жастағы Айжан Мержақыпованың аяқ асты қайтыс болу себебін білмей дал деп хабарлайды КТК арнасы.

Айтуларынша, дәрігерлер келіншектің жақындарына оның қайтыс болу себебін айтудан бас тартып, мәйітке жасалған сараптама қорытындысын да бермей қойған.

Айжан Мержақыпова қайтыс болардан үш күн бұрын ғана Өскемендегі ана мен бала орталығына жатқызылған.

Алайда келіншек босана алмай көз жұмды дегенге туыстары сенбейді. "Жүктілігі де қалыпты өтті" дейді күйеуі. Айы-күні жеткен келіншек осыған дейін екі перзентін де өзі босаныпты.

"Қабір басында жерлеп болған соң ант бердім. Мен одан қайтпаймын. Қалған өмірім сотпен өтсе де, жазамын. Тоқетерін білмей тыным таппаймын. Мен де, келіншегімнің аруағы да тыным таппайды. Мен сөйтіп ойлаймын", - дейді марқұмның жұбайы Қанат Мержақыпов.

Айжан жүктіліктің 41-ші аптасында болған. Ол босанар кезде "жанымда бол" деп сіңілісін шақыртыпты. Ол әпкесінің толғақ қысқанда қатты қиналғанын, тіпті кесар тілігімен босандырсыншы деп дәрігерлерге өтінгенін айтуда.

"Соңғы айтқаны: "Мені құтқар, шамаң жетсе, отаға жібергізші, бірдеңе істеңдерші, менің шамам кетіп қалды" деп өзі айтты", - дейді марқұмның сіңлісі Әсем Иманқұлова.

Туыстарының айтуынша, қиналған мезетте келіншектің қан қысымы жоғарылап кеткен. Ақыры ана мен бала ота жасап жатқанда көз жұмды. Қара жамылған отбасы олардың ажал құшқанына нақты не себеп болғанын білмей отыр. Олар марқұмды жер қойнына тапсырғанымен, мәйітке жасалған сараптама қағазын ала алмай жүргенін айтуда.

Ал ақ халаттылар әйел мен шақалақтың өмірін сақтап қалу үшін қаладағы білікті мамандардың барлығы жұмылдырылды дейді.

"Он бесі күні босануға дайындалды. Ал 16-сы күні босану бөлмесіне ауыстырылды. Алайда жағдайы нашарлап кетті. Қан қысымы көтерілді. Су тапшылығы диагнозы қойылды. Қазір сот-медициналық сараптамасы тағайындалды", - дейді Өскемен қаласының бас гинекологы Марат Көксегенов.

Сот-медициналық сараптамасы шыққан бойда арнайы комиссия құрылып, өлімнің себебін зерттейді. Сонымен қатар дәрігерлерді кінәлі санайтын марқұмның туыстары құзырлы органдарға шағым түсірді. Ал шақалағымен бірге қаза тапқан келіншектің артында екі перзенті қалды.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938366-meni-qutqar-oskemende-saqalagymen-birge-koz-zumgan-aieldin-tuystary-su-sygardy/