RU

Министрлік: Жұмыс беруші вакцина алмағандарды жұмыстан шеттете алады

Вакцина
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі вакцина алмаған немесе ПТР-тест тапсырмаған адамдарды жұмысқа кіргізбеу мәселесін түсіндірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, бүгінде осы мәселеге қатысты арыз-шағым көптеп түсіп жатыр. Бірақ жұмыс берушінің талабы заңға қайшы емес.

"Дүйсенбіден бастап денсаулық сақтау минстрлігінің тиісті нормасы күшіне енді. Оған сәйкес, жұмыс беруші вакцина алмаған немесе ПТР-тест тапсырмаған адамды жұмысқа кіргізбейді. Иә, заңнамада коронавируспен ауыратын адамды жұмысқа кіргізбеу туралы тікелей норма жоқ. Бірақ Еңбек кодексінің 48-бабы 1-тармағында заңнамалық актілер мен мемлекеттік органдар актілері негізінде тиісті шешім шығарылады деп жазылған", - дейді Оспанқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, Денсаулық туралы кодекс бойынша санитарлық дәрігер қаулысы міндетті түрде орындауға жататын құжат болып саналады. Сол себепті жұмыс беруші адамды жұмыстан шеттете алады. Жұмыс беруші ақша төлемеуі де мүмкін. Алайда екі тарап келісімге келсе, жалақының жартысын немесе еңбекақының ең төменгі мөлшерін алуға мүмкіндік бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі міндетті вакцинаны салдырмағандар жұмысқа жіберілмейтінін хабарлаған еді.

Ведомствоның тиісті бұйрығы 17 қазаннан бастап күшіне енді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938503-ministrlik-zumys-berusi-vakcina-almagandardy-zumystan-settete-alady/