RU

Корольдік мәртебеден бас тартқан жапон ханшайымы бүгін қарапайым жігітке тұрмысқа шығады

Кей Комуро мен Мако ханшайым
Кей Комуро мен Мако ханшайым. Фото: Asahi Shimbun via Getty Images

Жапон ханшайымы Мако сейсенбі күні таңертең қарапайым отбасыдан шыққан жігіт Кей Комуроға тұрмысқа шықпақ деп хабарлайды Kyodo News.

Imperial Household Agency агенттігі жұптың некесін тіркеу үшін заңды құжаттарды олардың атынан күннің басында береді.

Император Нарухитоның жиені Мако ханшайым өзінің корольдік мәртебесінен бас тартады.

Өйткені Императорлық үй туралы заң бойынша императорлық отбасының әйел мүшесі қарапайым адаммен бас қосса, өз титулынан бас тартуы керек.

Некені тіркегеннен кейін Мако ханшайым отбасының императорлық резиденциясынан Токиодағы кондоминиумға көшіп, Нью-Йорктегі жаңа өміріне дайындалады. Онда күйеуі Комуро заң фирмасында жұмыс істейді.

Корольдік отбасы мүшелері императорлық үйден шыққаннан кейін елдің салық қазынасынан дәстүрлі түрде 150 миллион иенге дейін (1,3 миллион доллар) біржолғы соманы алатынына қарамастан, Мако төлемдерден бас тартқан.

Комуро мен ханшайым 2012 жылы Токиодағы Халықаралық христиан университетінің студенттері болып жүрген кезінде танысып, 2017 жылдың қыркүйегінде бейресми түрде үйленген.

Бастапқыда олардың үйлену тойы 2018 жылдың 4 қарашасына жоспарланыпты. Бірақ сол жылдың ақпанында агенттік қаржылық дау туралы хабарлардан кейін салт-жоралардың кейінге шегерілетінін хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938924-koroldik-martebeden-bas-tartty-bugin-zapon-xansaiymy-mako-qarapaiym-zigitke-turmysqa-sygady/