Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияда төбелесіп ұсталған қазақстандық әйелдің туыстары онымен үш ай бойы хабарласа алмай отыр

Опубликовано:

Видеодағы кадр
Видеодан алынған кадр: "Еуразия" бірінші арнасы

Стамбулда клубтың күзетшілерімен төбелескен қазақстандық қыздың туыстары онымен үшінші айдан бері хабарласа алмай отыр. Қыздың анасы Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне жүгінгенін, бірақ ол жақтан ешқашан көмек алмағанын айтады.

"Адамды үш ай түрмеде ұстайтындай ол қыз адам өлтірген жоқ. Қазақстан елшілігі ел азаматын осында, өз отанында жазасын алуы үшін елге әкеле алмай ма?" – деп сұрады із-түзсіз жоғалған қазақстандықтың әпкесі Феруза Ошаева, оның сөзін "Еуразия" бірінші арнасы келтіреді.

Шымкент қаласының тұрғыны Феруза Ошаеваның айтуынша, оның сіңілісі Ұлболсын үш айдан бері байланысқа шықпаған. Бойжеткен Стамбулға жұмысқа кеткен, кейін оны жергілікті тәртіп сақшылары түрік азаматының денесіне зақым келтірді деген күдікпен ұстаған.

"Оның тірі не өлі екенін де білмейміз. Ыстамбұлда жұмыс істеп жүрген қыздар оған адвокат жалдаған. Біз онымен де сөйлестік. Ол бізге Ұлболсынмен он күннен кейін телефон арқылы байланыстырамын деп бірнеше мәрте уәде берді. Бірақ біз оның дауысын әлі естімедік, жүзін де көрмедік. Достарының телефондары да желіден ажыратылған, қоңырауларға жауап бермейді", – деп қосты Феруза Ошаева.

Ұлболсын Малғаждарова (із-түзсіз жоғалғанның аты-жөні) түрік дәмханаларының бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істеген. 11 шілдеде ол құрбысының туған күнін тойлау үшін түнгі клубқа барған.

Мекеме әкімшілігі қыздардан клубтан шығуды сұрап, соның салдарынан жанжал туындаған болуы мүмкін. Күзетшілер қонақтарды күштеп шығармақ болып, төбелес кезінде қазақстандық ару олардың біреуінің саусағын тістеп алған көрінеді.

Алайда бейнебақылау камерасының түсіріліміне қарағанда, ер адамдардың өздері қыздардың бірін аямай соққыға жыққан. Алима Ошаева видеодан Ұлболсынды бірден таныды.

"Қазір мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінен көмек сұрап жатырмын. Оның он үш және он жастағы екі баласы бар. Елшілікке хабарластым, қызымның бірнеше күн ішінде хабарласатынын айтты. Бірақ бір аптадан астам уақыт өтті.
Видеода Ұлболсынды ұрып-соғып жатқаны анық көрінеді. Иә, ол күзетшінің саусағын тістеп алды, бірақ бұған бір себеп бар шығар? Мүмкін қорғанған шығар?", – дейді Түркияда ұсталған әйелдің анасы Алима Ошаева.

Телеарна тілшілері Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады. Ал, Ұлболсынның жақындары оның тағдыры туралы хабар күтуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1938935-turkiyada-tobelesten-keiin-ustalgan-qazaqstandyq-aieldin-tuystary-onymen-us-ai-boiy-xabarlasa-almai-otyr/

pixel