Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Рұқсатсыз вакцина салып жатыр": Желіде елордалық мектепте түсірілген видео тарады

Опубликовано:

1
Видеодан кадр: instagram.com/megapolis.kz

Әлеуметтік желіде мектеп оқушысына көрсетіліп жатқан процедураға кедергі келтірген әйелдердің видеосы тарады. Бейнежазбаға қатысты Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

megapolis.kz Instagram парақшасында бірнеше келіншек бейнеленген видео тарады. Олардың бірі өзін журналист ретінде таныстырса, екіншісі Қазақстандағы белгілі дәрігер Айна Бакеева екенін айтады.

Олардың сөзінше, видеода мектеп оқушысына ата-анасының рұқсатынсыз вакцина салып жатыр.

"Мен бұл дәрігерлерге сенбеймін. Олар рұқсатсыз вакцина салып жатыр", - дейді астаналық әйелдердің бірі.

Елордадағы білім басқармасының баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне оқиғаның 5 қазан күні №58 мектеп-гимназиясында болғанын айтты.

Ведомствоның дерегінше, сол күні білім беру мекемесіне өзін балалардың ата-анасы ретінде таныстырған үш әйел келіп, директормен кездесуді сұраған. Вахтада тіркеуден өткеннен кейін олар маска тағу мен Ashyq қосымшасындағы статусын тексертуден бас тартқан.

Сондай-ақ, олардың арасында әлеуметтік желіде вакцинаға қатысты пікірін айтып жүрген дәрігер Айна Бакеева болған.

"Айна Бакеева мектеп аумағында шу шығарды. Бакеева және онымен бірге еріп келгендердің басты мақсаты - әлеуметтік желіде мектептерде балаларға мәжбүрлі түрде вакцина салып жатыр деп, дүрбелең тудыру.

Бакеева желідегі парақшасында дәретханада 3-сынып оқушысына екпе салғаны (баланың анасына сілтеме беріп-авт.) жайлы жалған ақпарат таратқан. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Мұны Н.У атты баланың анасы да растап отыр (оның үлкен баласы үшінші сыныпта оқиды- авт.)", - делінген ведомство хабарламасында.

Білім басқармасы видеода ақ халаттылар көмек көрсетіп жатқан оқушы жайлы да айта кетті. Олардың мәліметіне сүйенсек, видеода қоңырауда өзін жайсыз сезінген 9-сынып оқушысы бейнеленген. Ол мектептегі медбикеге жүгінуге мәжбүр болған.

"Бакеева ережені бұзып, өзін мектеп оқушыларына жіберуді талап етті. Ол мұның бала құқығын бұзу екенін біле тұра, видеоға түсіруге тыйым салынғанына қарамастан, ештеңеге назар аудармай, өз ісін жалғастыра берді. Ал мектептің кезекші дәрігері балаға алғашқы көмек көрсетті", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы.

Ведомство балаларға мектепте коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр деген ақпараттың жалған екенін тағы да баса айтты.

"Білім беру мекемесінде балаларды коронавирусқа қарсы вакцинациялау өткізілген емес және өткізілмейді де", - дейді елордалық білім басқармасы.

Одан бөлек, ведомство видеодағы әйелдердің әрекетіне полиция тиісті бағаны беретінін айтты.

"Айна Бакеева және онымен еріп келгендердің агрессивті әрекетіне байланысты полиция шақырылды. Жоғарыда аталған азаматшалардың заңға қарсы әрекетіне байланысты арыз жазылды", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938981-ruqsatsyz-vakcina-salyp-zatyr-zelide-elordalyq-mektepte-tusirilgen-video-tarady/

pixel