RU

"Бар күш-жігерін ғылымды дамытуға арнады": Тоқаев Серік Қирабаевтың отбасына көңіл айтты

Фото
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы академик Серік Қирабаевтың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына сілтеме жасап, хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Смайылұлы Қирабаевтың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Серік Смайылұлы өнегелі ғұмыр кешіп, бар күш-жігерін отандық ғылымды дамытуға арнады. Қазақ әдебиетін терең зерттеп, ұлттық қазынамызды жарқыратып көрсетуге сіңірген еңбегі өте мол. Көптеген еңбектің, монографиялардың және оқулықтардың авторы атанды. Білікті мамандар даярлау ісіне де орасан зор үлесін қосқан еді.

Соңына өшпес із, ғылыми мол мұра қалдырған ұлағатты ұстаз Серік Смайылұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", – деп жазылған президенттің жеделхатында.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін тұңғыш президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев академик Серік Қирабаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939043-bar-kus-zigerin-gylymdy-damytuga-arnady-toqaev-serik-qirabaevtyn-otbasyna-konil-aitty/