RU

Отандық дәрігер: Вакцина салдырғандар сақтық шараларын ұмытпауы керек

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Коронавирусқа қарсы вакцина аурудан 100 пайыз қорғамайды, бірақ аурудың ауыр зардаптарының алдын алады. Инфекционист, медицина ғылымдарының докторы Ләззат Ералиева вакцинациядан кейін иммунитеттің қалай қалыптасатынын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Дәрігер "вакцина алғандар ауырып қалуы мүмкін бе", "антиденелер қалай пайда болады" деген сауалдарға жауап берді.

"Көбінесе адамдар вирусты иммунитет әлі толық қалыптаспаған кезде, яғни бірінші және екінші дозалардың арасында жұқтырады. Иммунитеттің қалыптасуы вакцинация басталғаннан бастап орта есеппен бір жарым ай ішінде жүреді. Вирусқа қарсы антиденелер деңгейінің жоғарылауы вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін үш аптадан соң аяқталады. Бірінші дозадан кейін, әсіресе бірінші аптада, адамның ағзасы вакцинацияға дейінгі кездегідей, яғни осал болады", - деп атап өтті Ләззат Ералиева.⠀

Оның сөзінше, алғашқы дозаны алғаннан кейін бірнеше күн өткен соң ауруды жұқтырған жағдайда вакцинаның тиімсіздігі туралы айту дұрыс емес, өйткені вакцинадан кейінгі иммундық жауап тек қалыптасудың бастапқы кезеңінде болады.

"Вакцина – бұл биологиялық препарат, сондықтан дененің жеке ерекшеліктеріне байланысты кей адамдарға ол күткендей әсер етпеуі мүмкін. Егде жастағы адамдар мен иммундық жүйесі әлсіз адамдар үшін ауырып қалу қаупі жоғары. Аурудың әсері болуы мүмкін, мысалы, иммун тапшылығы жағдайлары, стероидты қабылдаудың салдары және т.б. Вакцинацияның толық курсынан кейін адам індетті жұқтырған жағдайда, оның вирустық жүктемесі әлдеқайда аз – мұрын мен тамақтағы вирустар саны, сондықтан байланыста болған басқа адамдар одан инфекцияның "дозасын" әлдеқайда аз алады", - деп атап өтті дәрігер.

Сонымен бірге, инфекционист кез-келген жағдайда вакцинацияланбаған адамдарға қарағанда екпе алғандарда инфекция әлдеқайда жеңіл өтетінін еске салды. ⠀

Сонымен қатар, аурудан кейін иммунитет тұрақсыз екенін ұмытпаңыз, асқынулардың пайда болуы бірден немесе біраз уақыттан кейін пайда болуы мүмкін, дейді ол.

"Вакцина салдырғандар сақтық шараларын ұмытпауы керек. Олар да адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу керек, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет, маска таққаны жөн. Вакциналардың тиімділігі 80 пайыздан 90 пайызға дейін. Ғалымдар мен вакцина өндірушілер мұны жақсы түсінеді және ешқандай вакцина 100% қорғаныс бермейді деп ашық айтады", - деп сөзін қорытындылады медицина маманы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939068-otandyq-dariger-vakcina-saldyrgandar-saqtyq-saralaryn-umytpauy-kerek/