"Жұмыстан кетеміз": Көкшетауда 40-қа жуық дәрігер бұрынғы басшысын жұмысқа қайтаруды талап етті
Жарияланған күні:
Ақмола облысында "Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы" ШЖҚ МКК лауазымды тұлғаларына қатысты "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал аурухана дәрігерлері өз еркімен кеткен басшылары қызметіне қайта алынбаса, онда олар да жұмыстарынан кететінін айтып ультиматум қойып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көкшетау қалалық ауруханасының ақ халаттылары мекеменің бас дәрігері Ерлан Аяғановтың қызметінен босатылуына наразылық білдірді.
"Бас дәрігер, Денсаулық сақтау үздігі Ерлан Аяғановтың келуімен біздің аурухана, оның ішінде ЦИЗ аяғынан тік тұрып, жаңа келбетке ие болды (косметикалық жөндеу жүргізілді), құнды кадрлар мен тәжірибелі мамандар жұмысқа орналастырылды, көрсетілетін көмек көлемі мен төсектердің жаңа бейіндері кеңейтілді", - делінген аурухананың медицина қызметкерлерінің үндеуінде.
40-қа жуық тәжірибелі дәрігер бұрынғы басшысын қайтармаған жағдайда қызметінен босату туралы өтініш жазбақ.
Бұл жайтқа қатысты Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов пікір білдірді.
"22 қазанда тәртіптік комиссияның отырысы өтіп, соның шешіміне сәйкес бас дәрігер Ерлан Аяғановпен еңбек қатынастарын тоқтату ұсынылды. Тәртіптік комиссияның қорытындысы ұсынымдық сипатта болады, бірінші басшыға түпкілікті сөз беріледі. Осыған байланысты 25 қазанда маған Ерлан Серікұлы тарапынан жұмыскердің ниеті бойынша онымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы өтініш келіп түсті. Өтініш қанағаттандырылды. Қазіргі уақытта Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігерімен еңбек қатынастары тоқтатылды", - дейді Нариман Сыздықов.
Ал басшысы қайтып оралмаған жағдайда ауруханадан шығуға ниетті дәрігерлер тарапынан жасалған ұжымдық үндеуді Сыздықов өзі шетелдік іссапардан оралғаннан кейін заңнамада белгіленген мерзімде және белгіленген тәртіппен қарастыратынын түсіндірді.
"Көкшетау қалалық ауруханасының кейбір лауазымды тұлғаларына қатысты қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын қосымша хабарлағым келеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ҚІЖК 201-ші бабы, Қылмыстық кодекстің 407-бабы, тергеу барысы және оның егжей-тегжейі туралы деректер жария етілмейді", - деп толықтырды ол.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, полицейлердің өндірісінде 2021 жылғы 12 шілдедегі Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасау) бойынша "Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы" ШЖҚ МКК лауазымды адамдарына қатысты тіркелген қылмыстық іс бар.
"Сотқа дейінгі тергеу материалдарына қатысты ақпарат жария етілмейді, өйткені бұл тергеу мүдделеріне қайшы келеді және басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін бұзуы мүмкін", - дейді құзырлы органның баспасөз қызметі.
Әзірге медициналық мекеменің бас дәрігерінің міндетін орынбасары атқаруда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939093-zumystan-ketemiz-koksetauda-40-qa-zuyq-dariger-buryngy-bassysyn-zumysqa-qaitarudy-talap-etti/