RU

"Алты адам таланды": Өз ауласында иттерге "жемтік" бола жаздаған алматылықтар мұңын шақты

Кадр
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Алматыда ротвейлер тұқымды екі ит бір күнде алты адамды талаған. Зардап шегушілердің кейбірі ауруханаға жүгінгуе мәжбүр болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Кемел шағын ауданының тұрғыны Юрий Трудов бес күн бұрын үш жеткіншекті қабаған иттерден әрең ажыратып алғанын айтады.

Алайда иттердің бірі оның өзін оңдырмай талаған.

"Айқайлап көмек сұраған дауыспен қатар иттердің абалап үргенін естідім. Қолыма таяқ ұстап үйден атып шықтым. Аулада екі жігіт пен қызды талап жатыр екен. Қолымдағы затпен ұра бастадым. Сол кезде маған қарай ұмтылды. Артқа шегіншектеп жүріп сүрініп кеткенімде, оң аяғымды қауып алды", - дейді ол.

Бір уақытта итке жем бола жаздаған төрт адам жедел жәрдем шақырып, ауруханаға барған. Дәрігерлер зардап шегушілерге алғашқы көмек көрсетіп, тіпті құтыру ауруына қарсы екпе салған.

Ал оқиға орнында болған Владислав Полещук сол күнгі жағдайды суреттеп берді.

"Аулада жай тыныстап отырғанбыз. Екі ит жүгіріп келді де, тарпа бас салды. Шамамыз жеткенше қорғанып көрдік. Бірақ ротвейлер тұқымды иттер бәрімізді оңдырмай тістелей бастады. Киімдеріміздің дал-дұлы шыққаны бір бөлек, жарақат ізі әлі ауырады. Аяғымдағы жарақаттан екі күн бойы жүре алмай қалдым", - дейді ол.

Тұрғындар қазір балаларын сыртқа жіберуге қорқатындарын жеткізді.

"Үлкен балаларды қапты, жарайды олар қорғана алады. Ал кішкентай балалар ештеңе істей алмайды ғой. Жеп қояды ғой. Мен қазір есік алдына балаларымды шығармаймын, қорқамын. Алып кетсін. Өйткені менің балам ғана емес, кішкентай балалар да ойнайды. Қорқамыз балаларымыз үшін", - дейді Кемел шағын ауданының тұрғыны Сандуғаш Сүтемгенова.

Елдің үрейін ұшырған екі ротвейлер үнемі үй іргесіндегі жекеменшік компанияның ауласында жүреді екен. Қабаған иттер қуыстан қашып шықты ма, әлде босатып жіберді ме, ол жағы тұрғындарға белгісіз.

Алғашында зардап шеккендерге көмек көрсетіп, өтемақы төлеймін деп сендірген қожайын соңында уәдесінде тұрмады, дейді олар. Қазір ол кездесуден қашып жүрген көрінеді. 

"Ит қапқан балалардың еміне кететін қаражатты өз мойныма аламын деген. Өзі келіп тұрғындармен сөйлесуге бел буған. Бірақ содан бері төбе көрсетпеді. Қазір сөзімізді тыңдайтын емес. Иті үшін жауап беру керек қой", - дейді тұрғын Татьяна Стародубова.

Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзінше, иттердің иесі жауапкершілікке тартылған.

"Аталмыш дерек бойынша 1976 жылы туған азаматқа қатысты Әкімшілік кодекстің 408-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ол жауапкершілікке тартылды. Айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткіш", - дейді ол.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939108-alty-adam-talandy-oz-aulasynda-itterge-zemtik-bola-zazdagan-almatylyqtar-munyn-saqty/