RU

Нұр-Сұлтан қаласында "Сергек" орнатылған баған әйелдің аяғына құлап кетті (фото, видео)

жол көлік оқиғасы
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елорда тұрғыны аяғына "Сергек" камерасы орнатылған баған құлап, салдарынан жарақат алғанын айтты. Бұл жағдайға қатысты Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті пікір білдірді.

Әйелдің аяғына "Сергек" орнатылған бағанның құлағаны туралы ақпарат Instagram әлеуметтік желісіндегі zhaloby_astana парақшасында жарияланды.

Онда елорда тұрғыны жолдың арғы бетіне өтуі үшін бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрғаны, осы уақытта келіншектің аяғына баған құлап кеткені айтылған.

Зардап шегуші бір қадам артқа шегінбегенде, металл басыма құлайтын еді деп отыр.

Оның сөзінше, қазір аяғына гипс салынған.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде құлаған баған мен жарақат алған әйелдің суреті тарады.

Бұл жайтқа қатысты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 23 қазан күні Sunrise тұрғын үй кешенінің маңында болған.

"45 жастағы әйел жолдың арғы бетіне өтіп бара жатқанда "Сергек" камерасы орнатылған металл баған құлаған. Салдарынан зардап шегуші аяғынынан жарақат алған", - делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939127-nur-sultan-qalasynda-sergek-ornatylgan-bagan-aieldin-ustine-qulap-ketti-foto-video/