RU

Елеусінов әлем чемпионы титулы үшін қайда және қашан жұдырықтасады

Данияр Елеусінов
Фото: instagram.com/yeleussinovdaniyar

Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. Бұл туралы спортшының менеджері Зия Әлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Нұр-Сұлтандағы Jekpe-Jek сарайында өтетін бокс кешінде IBO-ның негізгі чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

"Бокс кеші Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Бұл – барша азаматтарға арналған тамаша сыйлық. Ол күні әлемдік деңгейдегі бокс кеші болады. Себебі рингке Қазақстан мен әлемнің ең мықты боксшылары шығады. Басты жекпе-жекте Данияр барын салып, чемпиондық атағымен өз жанкүйерлерін қуантуға тырысады", - дейді Әлиев.

Менеджердің айтуынша, қазақстандық боксшы осы жекпе-жекті ұзақ күтіп, біраз тер төкті. Спортшының командасы да көп жұмыс істеді. IBO да жекпе-жекті ресми түрде растап отыр. Жақын арада қарсыластың аты-жөні белгілі болады.

Данияр Елеусінов – кәсіпқой боксшы, жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental белдеуінің иегері. 18 желтоқсанда өтетін жекпе-жекте жеңіске жетсе, Қазақстаннан шыққан IBO-ның бесінші чемпионы атанады.

Оған дейін осы белбеуді төрт жерлесіміз ұтқан. Олар – Василий Жиров, Геннадий Головкин (IBF мен IBO-ның қазіргі чемпионы), Бейбіт Шүменов пен Жанат Жақиянов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939267-eleusinov-alem-cempiony-tituly-usin-qaida-zane-qasan-zudyryqtasady/