Таразда көшенің қақ ортасында кішкентай баланы аяусыз ұрған азамат ұсталды (видео)
Опубликовано:

Таразда ер адам көше бойында кетіп бара жатқан баланы соққыға жықты. Бұл жайт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қазір бейнежазба желіде тарап, көпшіліктің наразылығын тудырып жатыр. Оқиғаға қатысты Жамбыл облыстық полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Видеодан баланың Тараздағы көшелердің бірінде самокат айдап жүргенін байқау қиын емес. Оның қасында ересек адам да болған.
Сәлден соң балаға қарама-қарсы келе жатқан ер адам оның бетінен ұрып құлатқан. Артынша баланы тебуге тырысып, өзі қашып кеткен.
Оқиғаға қатысты Жамбыл облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство балаға шабуыл жасаған ер адамның психикалық ауытқуы бар екенін хабарлады.
"20 қазанда Тараз қаласының полициясына Абай даңғылындағы “Инвиво” медициналық клиникасының жанында белгісіз азаматтың кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіргені туралы арыз түсті. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды",- деп келтіреді департамент мәліметін Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері Жамбыл ауданының тұрғынын анықтап, полицияға жеткізді. Тергеу барысында күдіктінің психикалық ауытқуы бар екені және қазіргі уақытта облыстық психиатриялық ауруханада есепте тұрғаны анықталды.
Кәмелетке толмаған балаға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті одан әрі сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін психиатриялық ауруханаға жатқызылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939269-tarazda-kosenin-qaq-ortasynda-kiskentai-balany-ayausyz-urgan-azamat-ustaldy-video/