RU

SCAT авиаотын жетіспейтінін мәлімдеді: Министрлік түсініктеме берді

Ұшақ
Көрнекі фото: piqsels.com

SCAT әуекомпаниясының Ақтау, Ақтөбе және Нұр-Сұлтан әуежайларындағы авиаотынның көлемі таусылғаны туралы мәлімдемесіне индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түсініктеме берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты авиациялық отынның ішкі нарығында әуежайлар мен әуе компаниялары үшін авиакеросин өндіруге және қамтамасыз етуге байланысты белгілі бір қиындықтар бар.

Министрлік осыған қарамастан, тұрақты жолаушылар және жүк рейстері үздіксіз қамтамасыз етілгенін жеткізді.

ИИДМ энергетика министрлігімен бірлесіп, зауыттардан, жеке компаниялардан, "ҚазМұнайГаз-Аэро" ЖШС-дан ПМХЗ жұмысын қайта бастағанға дейін әуе компаниялары мен әуежайларға отын жеткізу кестесін әзірлегені белгілі болды.

  • Бүгінгі таңда әуежайларда 27,9 мың тонна отын бар.
  • 9,2 мың тонна зауыттардан жөнелтілді.
  • 15,6 мың тоннаға келісімшарт жасалды.
  • Жалпы көлемі 53 мың тонна.

"Қазан айының соңына дейін мұнай өңдеу зауыттары 2 мың тонна авиаотын шығарады. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы үшін қосымша отын бөлінеді. Сондай-ақ, SCAT әуе компаниясына Шымкент мұнай өңдеу зауытынан қосымша авиакеросин жеткізу жоспарланып отыр" делінген министрліктің хабарламасында.

Елорда әуежайында 3,1 мың тонна авиакеросин бар.

Жақын күндері 3,9 мың тонна (3 мың тонна – "ҚазМұнайГаз-Аэро" ЖШС, 0,7 мың тонна – "Петросан" ЖШС, 0,2 мың тонна – East fuel) жеткізу жоспарланып отыр.

Алматы әуежайындағы отын қалдығы - 5,4 мың тонна.

4 мың тонна жөнелтіліп, жолда бара жатыр. 5,8 мың тоннаға келісімшарт жасалды.

Эйр Астана әуе компаниясында 7,4 мың тонна, SCAT әуе компаниясында 1,7 мың тонна отын қалған. 1,5 мың тоннаға келісімшарт жасалды.

Сөз соңында министрлік тұрақты әуе рейстері үздіксіз орындала беретінін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939367-scat-otyn-zetispeitinin-malimdedi-ministrlik-tusinikteme-berdi/