RU

Алматыда екі қабатты ғимарат өртке оранды (фото, видео)

Өрт орны
Өртке оранған дүкен ғимараты. Фото: NUR.KZ

Алматының Алатау ауданы Ақкент ықшамауданында тұрғындар екі қабатты ғимараттың өртке оранған сәтінен видеомен бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Куәгерлердің сөзінше, оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткен.

"Өрттің қалай шыққанын байқамай қалдық. Өрт сөндіретін көліктің даусы қатты шыққасын, алаңдай бастадым. Дереу далаға шықсам, қасымыздағы дүкен өртеніп жатыр. Көршілер де отыра алмай, сыртқа шығыпты. Қуанышқа қарай, өрт сөндірушілер ауыздықтап үлгерді", - дейді Лаура есімді тұрғын.

Сол арада, қаланың ТЖД баспасөз қызметі Алатау ауданында Сухамбаев көшесі 21 мекенжайы бойынша сағат кешкі сегізде орын алған ірі өрт жарты сағат ішінде ауыздықталғанын мәлімдеді.

"Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 5 минуттан келген соң, 2 қабатты кешеннің төбесінде сауна өртеніп, оттың үш қабатты жапсарлас ғимаратқа таралу қаупі туындады.

Өрт жарты сағат ішінде, сағат 20:37-де ауыздықталып, сағат 20:46-да толығымен жойылды, қабылданған шаралардың арқасында өрт кешеннің бірінші және екінші қабаттарының үй-жайларына (сауда орындары, дене шынықтыру залы), сондай-ақ жапсарлас орналасқан үш қабатты ғимараттың үй-жайларына (кафе, ойын залы және жеке меншік тұрғын үй-жайлар) жетіп үлгермеді. Абырой болғанда құрбан болғандар мен зардап шекендер жоқ", - дейді Алматы қалалық ТЖД.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939480-almatyda-duken-gimaraty-ortke-orandy-foto-video/