RU

Еңбек вице-министрі қашықтан жұмыс істеудің тәртіптері туралы айтты

Жұмыс
Көрнекі сурет: pixabay.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ТМД елдерінің консультативтік кеңесінің отырысында қашықтан жұмыс істеуді реттеу тәртіптері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмәди Сарбасов Еңбек кодексіне биыл қашықтан жұмыс істеуге байланысты еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша түзетулер қабылданғанын сөз етті.

"Қашықтан жұмыс істеудің жаңа режимдері пайда болды, олар тараптардың келісімі бойынша тұрақты, уақытша немесе аралас болып орнатылады. Бұдан басқа, жұмыс беруші жұмыстың орындалуын нақты уақытпен тіркей алмайтын жағдайларда жұмыс уақытын есепке алу бойынша, сондай-ақ қызметкер жұмыс берушімен өзара іс-қимыл жасау үшін байланыста болуға тиіс уақытты еңбек шартында есепке алу бойынша Еңбек кодексінің нормалары нақтыланды", – дейді ол.

Вице-министр қашықтан жұмыс істеу форматына қарамастан, еңбек заңнамасының талаптарын қамтамасыз ету, оның ішінде қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жауапкершілік алынбайтынын атап өтті.

"Сонымен қатар, қауіпсіз еңбек жағдайлары саласындағы соңғы өзгерістер аясында қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, сондай-ақ еңбек міндеттерін қауіпсіз орындауды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауы тәртібі жұмыс берушінің актісінде айқындалады", – деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939492-enbek-vice-ministri-qasyqtan-zumys-isteudin-tartipteri-turaly-aitty/