RU

"Ең бақытты сәтті күтіп қобалжыдым": Брифинг кезінде Мусиннің бесінші баласы дүниеге келді

БағдатМусин
Фото: Facebook/Багдат Мусин

Еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бесінші баласы дүниеге келгенін сүйіншіледі, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бағдат Мусин әлеуметтік желіде журналистермен болған брифинг кезінде әйелінің босанғанын айтты.

"Баспасөз мәслихатында қойылып жатқан сауалдарға емес, өмірімдегі ең бақытты сәтті күту сезімінен қобалжып отырдым. Сүйінші! Біз бесінші рет ата-ана атандық", - деді ол желідегі парақшасында.

Желіде қазақстандықтар министрді жарыса құттықтап жатыр. Қазірге дейін оның жазбасына 300-ден астам пікір келіп түскен.

Айта кетейік, министрдің ересек екі ұл, екі қызы бар.

Еске сала кетсек, бүгін Бағдат Мусин орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте eGov-ті "Сбер" платформасына ауыстыру жөнінде баяндама жасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939656-omirimdegi-en-baqytty-satti-kutip-qobalzydym-brifing-kezinde-bagdat-musinnin-besinsi-balasy-duniege-keldi/