RU

Біртановтың ісі әдейі созылып жатыр ма: ҚМА маңызды мәлімдеме жасады (видео)

Елжан Біртанов
Елжан Біртанов онлайн сот отырысы кезінде. Кадр: NUR.KZ

Желіде Елжан Біртановтың ісін тергеу жұмыстары әдейі созылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұған қатысты қаржы мониторингі жөніндегі агенттіктің ресми өкілі Гаухар Сапарбаева пікір білдірді. Мәлімдеме ҚМА ресми Telegram арнасында жарияланды.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың кінәлі екеніне дәлелдер жоқ болуына байланысты қылмыстық істі тергеп-тексеру мерзімі созылып жатқаны туралы ақпарат тарауда.

Бұл ақпараттың ақиқат емес екенін және қоғамда қате түсінік қалыптастыруға бағытталғанын хабарлаймыз.

Қылмыстық істі тергеу ағымдағы жылдың 7 шілдесінде аяқталды. Бұл туралы бірнеше рет ақпарат берілді. Осы уақыттан бастап қорғау тарапы қылмыстық іс материалдарымен танысуда.

Тек содан кейін іс сотқа жолданады. Күдіктінің кінәлі немесе кінәлі емес екені туралы мәселе тек сотпен ғана шешілуге тиіс", - деді ҚМА ресми өкілі.

Еске сала кетейік, өткен жылы қазан айының соңында Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.

Осы жылдың 14 қыркүйегінде бұрынғы денсаулық сақтау министрін үйқамақта ұстау мерзімі жетінші рет ұзартылды. 24 қыркүйек күні оны үйқамақта ұстау туралы шешім тағы да өзгеріссіз қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939664-elzan-birtanovtyn-isi-adeii-sozylyp-zatyr-ma-qma-manyzdy-malimdeme-zasady-video/