RU

Қарағанды аттракционындағы әйел өлімі: Қамалған нұсқаушы жазасын жеңілдетуді сұрады

сот
Көрнекі фото: jasqazaq.kz

Қарағандыда 30 метр биіктіктен секіріп, мерт болған 33 жастағы әйелдің өліміне кінәлі деп айыпталып отырған аттракцион нұсқаушысы аппеляцияға өтініш берді. Ол тергеу аяқталғанға дейін бұлтартпау шарасын үй қамауына ауыстыруды өтінді. Алайда апелляция алқасы санкцияны өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағандыда әйел өліміне әкеп соққан роуд-джампинг аттракционының 32 жастағы нұсқаушысына тергеу кезінде "қамауда ұстау" санкциясы бекітілген болатын.

Айыпталушы сот алқасынан аталмыш шешімді қайта қарап, үй қамауына немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат алу ретінде жеңілдетуді сұрады.

Алайда апелляция алқасы санкцияны өзгеріссіз қалдырды.

"Қарағанды тергеу сотының "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулысы өзгеріссіз қалды. Апелляциялық шағым қанағаттандырылмайды" , - деп мәлімдеді облыстық сот.

Ұсталған азамат тергеу аяқталғанға дейін тергеу изоляторында болады. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 306-бабы «Адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету» бойынша тергеледі.

Сот-медициналық сараптама, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1939789-qaragandy-attrakcionyndagy-aiel-olimi-qamalgan-nusqausy-zazasyn-zenildetudi-surady/