Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкім тегін бер деп отырған жоқ": Көмірге қол жеткізе алмаған көкшетаулықтар наразылық танытты

Опубликовано:

Халық
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Көкшетаулықтар қыраулы қысты үреймен күтіп отыр. Өйткені, қарашаның қара суығында жағатын көмір жоқ. Қыстық отын іздегеннің бәрі теміржол тұйықтарында орналасқан алыпсатарларды аңдумен жүр. Тіпті кей тұрғындар көмір алу үшін көлігімен апталап кезек күтуге мәжбүр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Көкшетаулықтар көмір іздеп сандалып жүр. "Үйіліп жатқан мардымды жылуы жоқ көмірді жәй берсе де алмаймыз" дейді. Айтуларынша, оның өзі былтырғы көмір екен. Ал шұбаркөл іздеген жұрт апталап осы маңды торуылдауға мәжбүр.    

Теміржол тұйықтарында ұзын-сонар созылған жүк көліктері. Апталап  емес, айлап жүргендер де бар. Бірақ кезек жылжымайды.

Телеарнаның дерегінше, кезексіз киліккен тіркемесі бар КамАЗдар бар көмірді тиеп әкетуде. "Өзімбілемдікке" салынған көмір сатушылар тек өз тамыр-танысына беріп жатыр дейді жиналғандар. Сондықтан күніне екі-үш вагон жеткізілетін қара кесек бәріне бірдей жетпейді.

"Ондай көмір жағу үшін екі машина отын керек. Сонда бағасын есептеп көріңіз. Әкімдіктегілер үйіндегі пешіне жағып көрсін. Сонда ғана ол көмірден қандай қызу бар екенін көреді! Ешкім оны тегін бер деп айтып жатқан жоқ!", - деді Көкшетау қаласының тұрғыны Жудан Омаров.

Қысы қытымыр солтүстікте қазірдің өзінде қара суық. Тұрғындар пеш жағуды бір ай бұрын бастап кетіпті. Бірақ көпшілігі көмірсіз қалған. Ал әкімдіктегілер қалада қыстық отын тапшы емес деп сендірді.

"1-қарашадағы кәсіпкерлік бөлімінің мониторингі бойынша Көкшетау қаласында 3150 тонна көмір бар. Одан шұбаркөл көмірі 560 тонна. Қазіргі теміржол тұйықтарында кезектің көптігі біздегі Сандықтау, Бурабай, Зеренді ауданының өкілдері келіп осы біздің тұйықтардан көмір алады. Жалпы қала бойынша көмір тапшылығы жоқ", - деді Көкшетау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Әбдірахманова.

Шенеуніктер тапшылық жоқ дегенімен, көмір кезегіндегі көлік саны күн санап көбейіп келеді. Тіпті, отынға таласқандар кейде жаға жыртысып төбелесуге дейін барады.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940030-eskim-tegin-ber-dep-otyrgan-zoq-komirge-qol-zetkize-almagan-koksetaulyqtar-narazylyq-tanytty/

pixel