RU

Алматы әуежайының экс-қызметкерлері өздерін жұмыстан шығуға мәжбүрлегенін мәлімдеді

Әуежай
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы әуежайы жүк тасымалдау қызметінің бұрынғы қызметкерлері өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуға мәжбүр болғандарын айтып шағымданды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Әуежайдың бұрынғы қызметкерлерінің сөзінше, оларға ештеңе түсіндірмей, жұмыстан шығаратындарын алдын ала ескертпеген.

Олар жағдайдың мән-жайын анықтау үшін авиациялық көлік прокуратурасына жүгінген.

"Бізге кадр бөлімінен хабарласып, бәрімізді шақырды. Жеті адам едік, кадр бөліміне шақырды. Келген бетте еңбек кітапшаларында өз еркімізбен кеткеніміз туралы мөр, жұмыстан босату туралы дайын бұйрық және қағазға шығарылған дайын өтінішті көрсетті. Біз арызға қол қоя отырып, "Біз қандай негізде жұмыстан шығып жатырмыз?" деп сұрадық. Бізге "Сендерге ешкім көмектеспейді. Сендер жұмыстан кетулерің керек" деді", - дейді Галина Такобаева.

Әйелдің сөзінше, өзі және сол бөлімнің тағы төрт маманы арызға қол қойып, жұмыстан кеткен.

Олардың сөзінше, егер арызға қол қоймаса баппен жұмыстан шығарамыз деп қорқытыпты. Телеарна қызметінен кеткендердің орнына жаңа адамдар келгенін хабарлады.

Ал бұрынғы қызметкерлер әуе саласында 10 жылдан астам еңбек еткендерін айтады. Көпшілігінің авиациялық білімі бар. Тіпті, кейбірінің зейнетке шығуына аз уақыт қалған. Сол себепті жаңа жұмысқа орналасу қиындық туғызады.

Осылайша, олар өздерін бұрынғы қызметіне орналастыруды немесе басқа да нұсқаларды қарастыруды талап еткен. Ал әуежай әкімшілігі болса қызметкерлердің өз еркімен жұмыстан шықанын айтып отыр.

"Алматы халықаралық әуежайының бұрынғы қызметкерлерінің соңғы үндеуіне сәйкес, "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-на қойылған бұл талаптардың негізсіз екенін хабарлаймыз.

Қызметкерлер өз еркімен жұмыстан шыққан. Олармен еңбек шарттары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің шеңберінде 49-баптың 5-тармақшасына сәйкес бұзылды", - деді әуежай баспасөз қызметінің басшысы Найля Жабагина.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940085-almaty-auezaiynyn-eks-qyzmetkerleri-ozderin-zumystan-syguga-mazburlegenin-malimdedi/