RU

Нұр-Сұлтанда бір күнде 74 жол-көлік апаты болды

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Өткен тәулікте елордада 74 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 адам зардап шекті. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі осындай ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ауа райы мен жауын-шашынға байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жүргізушілерді барынша мұқият болуға, жылдамдық режимін, қауіпсіз ара қашықтықты, маневр жасау ережелері мен қапталдағы аралықты мүлтіксіз сақтауға шақырады.

Жүргізушілер үшін ең қауіптісі – асфальттің дымқыл болуы. Түнгі аяздар басталғанын ескерсек, жаңбыр сулаған тайғақ жол одан әрі қауіпті бола түседі. Осыған байланысты елордалық полицейлер автокөлік иелеріне жазғы шиналарды қысқысына ауыстыруды ұсынады", - деп жазылған департаменттің баспасөз мәліметінде.

Сақшылар жаяу жүргіншілерге өте мұқият болу керектігін ескертіп отыр.

"Қолайсыз ауа райында жаяу жүргіншілер жақындап келе жатқан көліктерді көрмейді және олар кейде жолға күтпеген жерден шыға қалады. Осыған байланысты, жүргізушілерге қиылыстар мен жаяу жүргінші өткелдерінен өткен кезде аса сақ болуға кеңес береміз" , - деп жазады ведомстводан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940089-nur-sultanda-bir-kunde-74-zol-kolik-apaty-boldy/