"Ел-жұрттан ұят болды": Атырау тұрғыны үлкен жолда адам шошырлық күйге түскен әжетхананы көрсетті
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Әли Сәменов есімді желі қолданушысы Атырау - Құлсары тас жолындағы әжетханада үйіліп жатқан қоқысты көрсетіп, оған жауапты тұлғаларға ашуланды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әли Сәменовтың айтуынша, Атырау-Құлсары тас жолы бойындағы Қарабатан кенішінің маңындағы әжетхана қоқыс үйіндісіне айналып барады.
Облыс тұрғыны үлкен тас жол бойының соншалықты ластануын қоқыс тастайтын жәшіктердің қойылмауынан көреді.
Ол дәретхана іші-сыртының пластик бөтелкелер мен басқа да қалдықтарға толып кеткенін видеоға түсіріп алған.
"Мынаны қараңыздаршы. Алты құрлықтың адамдары өтетін жол. Мынау не пәле, мынау үшін ұялмайсыңдар ма? Жердің иесі, киесі деген бар ма? Ерлердің әжетханасының іші мынау. Ұят қой. Ойланасыңдар ма, ойланбайсыңдар ма? Менің кінәм жоқ деп отыра бересіңдер ме? Жылайтын нәрсе ғой. Ұят болды ғой ел-жұрттан! Костюм-шалбар кигендеріңе мәз боласыңдар. Қараңдаршы, Қарабатан... Әжетхана салып қойыпсыңдар, әлдеқандай қылып", - деп ашуланды ол.
Тұрғын осы аумақтан өтетін шетелдіктерден ұялатынын айтады.
"Қоқыс жәшігін іздеп барып жоқ болған соң, әжетхананың ішіне тастай салған санасы төмендердің ісі екені айқын. Қаншама шетелдіктер осы жолдың үстімен өтіп жатыр. Осы аймаққа жауапты әкім-қара санасыздардың шашқаны жата берсін деп отырасыздар ма? Жанашырлық, жауапкершілік деген жоқ па? "Білмей қалдық" дейтіндей бір күнде тасталған қоқыс емес", - дейді Әли Сәменов.
KAZ.NUR.KZ тілшісі желідегі шулы жазбаға қатысты Атырау облысы әкімдігі мен облыстық "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдеріне сауал жолдады.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі бұл жердің тазалығына "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жауапты екенін алға тартады. Ал "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілі неліктен әзірге бұл орынның тазалығын сақтау мүмкін болмай тұрғанын түсіндірді.
"Бұл жол полициясының бекеті Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің тапсырмасымен жасалды. Біріншісі осы Қарабатанда, екіншісі Атырау-Орал тас жолында, үшіншісі Атырау-Индер тас жолында, төртіншісі Құрманғазы ауданында тұр. Бұл Қарабатандағы постты облыстық ІІД қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының теңгеріміне тапсырған.
Ал оларға хабарлассақ, тендер жариялап қойғанын, әлі ешкім жалға алуға өтініш бермегенін айтты. Біздің жолымызда тұрғанымен, біз оған ешқандай жауап бере алмай отырмыз. Тазалауға да тапсырма бере алмай отырмыз. Қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы өздері қолданбайтын болса, бізге тапсыруы керек еді. Сондықтан осы жұмыстар жасалмай отыр", - дейді компанияның өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940094-el-zurttan-uyat-boldy-atyrau-turgyny-ulken-zolda-adam-sosyrlyq-kuige-tusken-azetxanany-korsetti/