Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бағдат Мусин: Біз әлі күнге дейін кеңес заманындағы жүйемен жұмыс істеп келеміз

Опубликовано:

Бағдат Мусин
Фото: facebook.com/BagdatMussin

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан әлі күнге дейін кеңестік замандағы координаттар жүйесін қолданып келе жатқанын айтып, бұл мәселені шешудің жолын ұсынды.

"Біз әлі күнге дейін кеңестік замандағы 1942 жылғы (СК-42) координаттар жүйесін қолданып келеміз. Сондықтан қазір заманға сай мемлекеттік координаттар жүйесін жасауға ден қойып жатырмыз. Бұл үшін спутниктік геодезиялық желі базасын салып, желіні дәл есептеу және теестіруді іске асыру қажет.

Күллі әлем спутниктік әдіске көшкен. GPS пен Жаһандық навигациялық спутниктік жүйе (GNSS) ғарышты шарлап жүр, ал геолокацияны смартфон арқылы жіберу қалыпты жағдайға айналған", – дейді Мусин Facebook желісіндегі жеке парақшасында.

Министрдің айтуынша, осындай қарқынды технологиялық дамудың арқасында ғаламат нәтижелерге қол жеткізуге болар еді. Алайда мұндай мүмкіндікті 2ГИС, Google карт, Яндекс такси және тағы басқа қарапайым сервистер арқылы күнделікті күйбең тірлікте ғана қолданып келеміз. Осындай қолда бар навигация бойынша салынған бағдарға сай 200 метр немесе 212 метрден кейін бұрылдыңыз ба, мейлі, ең бастысы діттеген жеріңізге жетсеңіз болды.

"Ал біз үшін қазіргі маңызды мақсат – СК-42 сияқты көне жүйенің орнына дала мен қала, өзен-көл мен орман кадастрының, геология және жер қойнауын пайдалану, табиғат, қорғаныс, қауіпсіздік сияқты және тағы басқа да тиісті салаларды, жеріміздің әр сантиметрін қамтитын мемлекеттік деңгейдегі өзіміздің спутниктік координаттар жүйемізді құру.

Жаңа жүйеге ауысқан шақта фермерлердің жер аумағы ұлғайып немесе азайып, өзгеруі ықтимал. Мысалдар жетіп артылады, ескі координаттар жүйесіндегі мәліметтер дәл және нақты болмағандықтан, бір жолдың бойындағы жер телімдері де сәйкеспей қалуы мүмкін", – дейді министр.

Мусиннің сөзінше, мемлекеттік жүйедегі шектеулер мен кедергілердің кесірінен геология және жер қойнауын пайдалану саласына шетелдік инвесторларды тарту қиындап тұр. Мемлекеттік басқаруға да кері әсерін тигізуде.

Министрдің айтуынша, қазіргі заманда көне СК-42 жүйесін қолдану дегеніміз, мысалы 2021 жылы ірі корпорацияның иелігінде заманауи техникалар мен Интернет бола тұра, электрондық пошта, порталдар, смартфон мен гаджеттерін пайдаланбай, хат-хабарлар мен құжаттарды қағаз жүзінде дәстүрлі пошта арқылы жолдағанмен тең.

"СК-42 технологиясы құрылыс, сәулет, геология, кадастр, көлік, навигация және т.с. техникалық және инженерлік бағыттарда кеңінен қолданылады, сондықтан оның шығындары да ұшан-теңіз.

Осы себепті бұл саланы жаңғыртып, заманға сай және тиімді қылып, халыққа көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын арттыру үшін геодезия және кеңістіктік деректерді цифрландыру қарқынын күшейткелі жатырмыз", – деп түйіндеді Бағдат Мусин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940204-bagdat-musin-biz-ali-kunge-deiin-kenes-zamanyndagy-zuiemen-zumys-istep-kelemiz/

pixel