Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"70 келі тастадым": Бір жылда адам танымастай өзгерген танымал әзілкеш жұртты таңғалдырды

Опубликовано:

әзілкеш
Фото: instagram.com/daulet_bars

Маңғыстаулық “Барыстар” жайдарман командасында ойнаған Дәулет Сағынтаев бір жылда жетпіс келі салмақтан арылып, көпшілікті таң қалдырды, деп хабарлайды Express Qazaqastan.

Дәулет Сағынтаев салмағының 180 келіге дейін барғанын жасырмады. Содан азудың жолдарын іздеген. Ерте жастан салмақпен күрескен оның бұған дейінгі қадамдары сәтсіз болыпты. Кейін білек сыбана іске кірісіп, айтулы нәтижеге қол жеткізген. Дегенмен, ол мұнымен тоқтамақ емес.

Дәулеттің айтуынша, ол ең алғаш рет мектепте оқып жүргенде артық салмақтан күреспек болған.

"Аурушаң болып, тізем бастырмай, жүрегім қатты соққан соң салмақ тастау туралы ойға біржола бекіндім. Қимылдауым қиынға соқты. Алдыма мақсат қойып, әлі күнге сол жолмен жүріп келе жатырмын. Оған себепші — туған апам. Арықтау туралы әке-шешем мен жақындарым айта беріп, әбден мезі қылған әңгіме. Содан ойлана келе барлық зиянды тамақтардан бас тартып, өмір сүру салтымды 180 градусқа бұрып жібердім", — дейді Дәулет.

Үш рет салмақ тастаймын деген белгілі жайдарманшы бір рет қатты ауырған. Себебі, сапасыз дәрі ішіп, одан жаны зорға қалыпты.

"Дұрыс бағыт бермегендіктен қатты ауырып қалдым. Тек күндіз ғана тамақ ішіп, кешке спортпен айналысып көрдім. Екі дәріні тұрақты тұтынамын деп өлім аузынан қалдым. Ол кезде арықтағаныммен, денсаулығыма зиян келгенін білмей қалдым. Жалпы, мектеп бітірген кездің өзінде салмағым 120 келі еді", — дейді ол.

Дегенмен салмақ тастауда дұрыс жолды таңдаған Дәулет бүгінде 70 келіден арылған. Ол қазір 110 келіні тартады. Салауатты өмір салты оның өмір сүру салтына айналған.

"Үйленген соң 180 келіге дейін бардым. Одан кейін салмақ тастамасам одан да аса беруім мүмкін еді" дейді жайдарманшы.

Артық салмақтың зиянын жақсы білетін Дәулет бастапқы төрт айда қырық келі салмақ түсірген. Ең бірінші ол ұннан дайындалатын тағам, газды сусындардан бас тартыпты.

"Ең қиыны — бір үйге қонаққа бару. Бірақ қонаққа барған үйде дастарханға бір қарап, қай тамақты жеуге болады деп ойлаймын. Бұл жерде әңгіме салмақта емес. Мәселе дұрыс тамақтануда. Адамның ішкі майы көбейгені жаман. Себебі, инсульт, инфаркт дегендердің бәрі содан шығады. "Ауру астан" деп бекер айтпаған. Дұрыс тамақтанып, таңда ерте тұрамын. Күніне 8-9 шақырым жаяу жүремін", — дейді әзілкеш жігіт.

Ол салмақ тастау барысында жақындарымен бәстесіп, қомақты сыйлықтар да ұтқан. Бірақ өзі де ақшалай бәсте ұтылдым дейді. Себебі, салмағы түспей қойып, ақша төлеуге тура келген.

"Қазір барлығының айтатыны — менің салмағым. Тойда жүрсем "Дәулетсің бе?" деп сұрайтындар көп. "Арықтап кетіпсің ғой, ауырып жүрген жоқсың ба?" деген сұрақтарға етім үйренді. Бұрын толық кезімде аурушаң едім. Қазір салмақты реттеген соң өзімді жақсы сезіне бастадым", — дейді Дәулет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940211-70-keli-tastadym-bir-zylda-adam-tanymastai-ozgergen-tanymal-azilkes-zurtty-tangaldyrdy/

pixel