RU

Ел кинотеатрларындағы билет құны 13 пайызға қымбаттаған

Кинотеатр жұмысы
Көрнекі фото: gazeta.ru

Қазақстан кинотеатрларында билет бағасы 13 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Мәселен, биыл қыркүйек айында бір билеттің құны 1600 теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 13 пайызға қымбат. 

Еліміздің ірі қалалары мен мегаполистері арасында кино билеттерінің бағасы Шымкентте (2,6 мың теңге) қымбатырақ болса, ең арзаны – Семейде (1,1 мың теңге). 

Бағаның күрт өсуін Ақтөбе (бір жылда бірден 30,6%), Қызылорда (28,2%) және Атырау (20,4%) облыстарының тұрғындары сезінген.

Ал төрт өңірде, яғни, Ақмола, Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында бағалар бір жыл бұрынғы деңгейде сақталған.

Ticketon.kz сайтының мәліметінше, 21-24 қазан күндері "Түзелмейтін Рон" мультфильмі кассалық сатылым (39,6 миллион теңге) бойынша көш бастаған. Мультфильмнің прокатқа шыққанына бір апта ғана болған.

Екінші орнында прокатқа шыққанына үш апта болған "Өлуге уақыт келген жоқ" (29,4 миллион теңге) шытырман оқиғалы фильмі тұр. Үздік үштікке "Семейка Аддамс: Горящий тур" (28,4 миллион теңге) анимациялық фильмі еніп отыр.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында кино, бейнефильмдер және телевизиялық бағдарламалар өндірісі бойынша қызметтер көлемі 21,2 млрд теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 19,6% көп.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940569-el-kinoteatrlaryndagy-bilet-quny-13-paiyzga-qymbattagan/