RU

Ashyq қосымшасындағы мәртебесі "көк" түсті алматылықтар сауда орталықтарына кіре алмауы мүмкін

Сауда орталығы
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда Ashyq қосымшасындағы мәртебесі "көк" түсті адамдар сауда орталықтарына кіре алмауы мүмкін. Қазіргі уақытта дәл осындай ұсыныс талқыланып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы дректорының орынбасары Салтанат Лесбаева брифинг кезінде айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Лесбаеваның сөзінше, жақында өткен ВАК жиналысында сауда ойын-сауық орталықтарына жұмыс күндері де тек "жасыл" мәртебесі бар адамдарды кіргізу туралы ұсыныс айтылған.

"Бүгінде сауда ойын-сауық орталықтарына тек "жасыл" мәртебесі бар азаматтар кіре алуы үшін аталған мәселе талқыланып жатыр. "Атамекен" де мәселенің талқылауына белсенді қатысуда", - дейді ол.

Лесбаева аталған нысандарда басқа да қызмет түрлері орналасқанын, оларда да табыс пен тауар айналымының төмендеуі мүмкін екенін атап өтті.

"Апта басында "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың төрағалығымен мүдделі кәсіпкерлік субъектілерін тарта отырып, осы ұсынысты талқылау бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Қазір олар (сауда орталықтары - ред.) өз жұмысын қалай ұйымдастыратынын, бұл келушілер ағынының төмендеуіне әсер ететін-етпейтінін, барлық шығынды есептеу керек. Алдымен осының бәрін талқылау керек, содан кейін денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестермен бірге бұл мәселе пысықталады", - дейді Салтанат Лесбаева.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ashyq қосымшасындағы мәртебесі "көк" түсті қазақстандықтар сауда орталықтарына сенбі және жексенбі күндері кіре алмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940605-ashyq-qosymsasyndagy-martebesi-kok-tusti-almatylyqtar-sauda-ortalyqtaryna-kire-almauy-mumkin/