RU

60-тан астам адамды алдады деген күдікке ілінген қазақстандық Германиядан экстрадицияланды

күдікті
Көрнекі фото: hour24.ru

Еуропада жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы елге экстрадицияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ер адам 5 қараша күні экстрадицияланған. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істей отырып, қазақстандықтарды Литва, Норвегия, Германия, Дания және Финляндия елдерінде жұмысқа тұрғызамын деп алдап соққан.

Салдарынан зардап шеккен 60-тан астам адамға 34 млн теңге шығын келген.

Сонымен бірге, ведомство қылмыс жасаған соң күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғанын, содан кейін оған халықаралық іздеу жарияланғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта күдікті Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторына қамалған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістан облысында банк қызметкері мен оның сыбайласы 100-ден астам ауыл тұрғынына несие рәсімдеді деген күдікке ілінгенін жазған едік.

Күдіктілер өзгелердің атынан 300 миллион теңгеге жуық несие рәсімдеп, ақшаларын өз пайдасына жаратып жіберген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940691-60-tan-astam-adamdy-aldady-degen-kudikke-ilingen-qazaqstandyq-germaniyadan-ekstradaciyalandy/