RU

Азаматтық некедегі әйелімен жанжалдасқан қазақстандық пойыз қозғалысын тоқтатты

Пойыз
Көрнекі фото: Stopfake.kz

Азматтық некедегі әйелімен жанжалдасып қалған қазақстандық жолаушылар пойызының қозғалысын тоқтатты. ІІМ көліктегі полиция департаменті аталған фактіге қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Аталған факті Нұр-Сұлтан бекетіндегі желілік полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 273- бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша тіркелді",- деді ведомствода.

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Басқа ақпарат жарияланған жоқ.

716.kz порталының дерегінше, 5 қараша күні сағат 00.33-те Ақмола облысының Есіл бекетіне Алматы- Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызы тоқтады. Себебі, полицияға құрамның миналандырылғаны туралы ақпарат түсті.

Телефон нөмір бірден анықталып, адамдар эвакуацияланды. Оқиға орнына бірден арнайы қызметкерлер аттанды. Олар үш вагонды тексеріп шықты.

Полицейлердің назары Қостанайға кетіп бара жатқан 22 жастағы әйелге түсті. Күмәнді заттар анықталған жоқ.

Жауап алу барысында келіншек жалған хабарламаны бірге тұратын 30 жастағы азамат жолдауы мүмкін екенін жеткізді. Ол азаматтық некедегі жарымен жанжалдасып қалған болып шықты.

Келіншек тәртіп сақшыларына 4 қазан күні сағат 23.07- де келген хабарламаны көрсетті. Онда азамат әйел мен бір жасар ұлы кетіп бара жатқан пойызды тоқтататынын айтқан. 5 қараша күні сағат 01:40- та пойыз өз қозғалысын жалғастырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940761-azamattyq-nekedegi-aielimen-zanzaldasqan-qazaqstandyq-poiyz-qozgylysyn-toqtatty/