RU

Абай шахтасында метан газының кенеттен шығуы: 6 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті

Шахта
Көрнекі фото: Getty Images

7 қараша күні сағат 08.37-де Абай қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Абай КД шахтасында желдеткіш Штрек 3-К10 түбінде метан газының кенеттен шығуы орын алды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бапсасөз қызметі таратқан ақапаратқа сәйкес, шахтада барлығы 64 жұмысшы болған. 56 адам бірден қауіпсіз жерге шығып үлгерген.

"Оқиға орнында қалған сегіз қызметкердің алтауы қайтыс болды, екеуі жарақат алды (ақпарат анықталуда). Қазіргі уақытта оларды шахтадан шығарып алу жұмыстары жүргізілуде. Өндіріс процесі тоқтатылды.

ТЖ-ны жоюға "КӘАҚҚ республикалық орталық штабы" ЖШС ҚФ (15 қызметкер), ТЖД (3 қызметкер және 2 бірлік техника), Апаттар медицинасы орталығы филиалының (3 қызметкер және 1 бірлік техника) күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда", - деп жазған баспасөз қызметінде.

Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бастаған комиссия аттанған.

Оған қоса, оқиғаға Қарағанды ​​облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook парақшасында түсініктеме берді.

"Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті жәрдем көрсетіледі", – деп жазды аймақ әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940926-abaidagy-saxtada-tz-oryn-aldy-metan-bolinuinen-6-adam-qaza-tapty-2-adam-zaraqat-aldy/