Ақтаудағы жойқын жарылыстың алдын ала себебі белгілі болды (видео)

Опубликовано:

Ақтаудағы жарылыс
Фото: Facebook/Маңғыстау облысы "Қоғамдық коммуникация орталығы"

Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Бекболат Әбдіқадыров Ақтаудағы жойқын жарылыстың алдын ала себебін атады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігіне қарасты қоғамдық коммуникация орталығының Facebook парақшасы хабарлады.

Әкімдік дерегінше, бүгінде жарылыс салдарын жою жұмыстарымен 70 құтқарушы, 10 техника бірлігі айналысып жатыр. Төтенше жағдай орнында 150 полицей мен азаматтық қорғаныс органдары, энергетика мамандары жұмыс істеуде.

"Жарылыстың алдын ала себебі - ауа-газ қоспасының шығуы. Жарылыс орнынан екі газ баллоны алынды. Иесінің айтуынша, үйінділер астында 50 литрден тұратын тағы екі газ баллоны бар. Толығырақ ақпарат апаттық-құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін беріледі",- деді Әбдіқадыров.

Оқиға орнына өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та келді. Ол құқыққорғау органдары мен азаматтық қорғаныс қызметтері басшыларымен кездесу өткізді.

Айта кетейік, кеше, 7 қараша күні Ақтауда жойқын жарылыс болып, екі қабатты ғимараттың тас-талқаны шықты. Абырой болғанда, жарылыс кезінде ғимаратта ешкім болмаған.

Бастапқыда әлеуметтік желіде ТЖ салдарынан қаза тапқандар туралы ақпарат пайда болған еді. Алайда, бұл мәліметті Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері теріске шығарды. Ол жарылыстан зардап шегіп, медициналық мекемелерге жүгінген адамдар болмағанын айтты.

ТЖД дерегінше, жарылыс мейрамхана маңында кетіп бара жатқан 11 көлікке зақым келтірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940982-aqtaudagy-zoiqyn-zarylystyn-aldyn-ala-sebebi-belgili-boldy-video/