RU

Төрт күн бұрын Каспий теңізінде жоғалып кеткен балықшылар табылды

Қайық
Көрнекі фото: piqsels.com

3 қарашада Каспий теңізінде жоғалып кеткен төрт балықшы байланысқа шықты. Бұл туралы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Instagram желісіндегі ресми парақшасы хабарлайды.

"Амангелді" ЖШС және "СефКаспийФиш" ЖШС балықшылары қарашаның 3-і күні балық аулауға металдан жасалған кемемен теңізге шыққан. Осыдан кейін олармен арадағы байланыс үзілді. Жоғалғандарды іздеуге "Қазавиапас" тікұшағы әуеге көтерілді, бірақ бұл нәтиже бермеді.

Алайда, кейін белгілі болғандай, ер адамдардың өздері олардың басшылығына хабарласқан.

"Ағымдағы жылдың 7 қараша күні 09 сағат 30 минутта өздерінің аман-есен екендіктерін айтып (Жанбай ауылыныан 50 шақырым қашықтықта жүрген) басшыларына ұялы телефон арқылы хабарласқан", –делінген төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Оған қоса, балықшыларға бірнеше ережені еске салды:

  • балық аулауға шыққан кезде ең бірінші қайығыңыздың жағдайын тексеріңіз;
  • құтқару кеудешесін алуды ұмытпаңыз;
  • қайығыңызды шамадан тыс жүкпен толтырмаңыз;
  • қайығыңыз абайсызда аударылған жағдайда қайықты ұстап тұрып, қайраңға жүзуге тырысыңыз;
  • төтенше жағдай орын алса, "112" нөміріне қоңырау шалыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941002-tort-kun-buryn-kaspii-tenizinde-zogalyp-ketken-balyqsylar-tabyldy/