Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үкімет үшін туған жоқпын": 26 жасында үшемді дүниеге әкелген журналист көпбалалы ана атанды

Жарияланған күні:

Ардагүл Әскербек
Фото: Ардагүл Әскербектің жеке мұрағатынан

Алматы облысы Көксу ауданының тұрғыны Ардагүл Әскербек жақында үшемді дүниеге әкеліп, алты баланың анасы атанды. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген әріптесіміз көпбалалы ана болатынын білсе де, қаладан баспаналы болу үшін үкіметтің жеңілдіктерін алуға алдын-ала қамданбағанын айтты.

Жақында Талдықорғанда туған үшемнің үшеуі де - қыздар. Мұның алдында 26 жастағы келіншек бір қыз, екі ұлды дүниеге әкелген. Ол белгілі ақын Айтақын Бұлғақов басқаратын талдықорғандық Алатау газетінің журналисі. Ардагүл төртінші жүктілігін арнайы жоспарлаған.

"Тұңғышым 5 жаста, биыл күзде мектепке даярлық тобына баратын болған соң, сабағын қадағалауым тиіс болатын. Осы жүктілікті сол үшін арнайы жоспарлап жүрдім. Рамазан айында ораза ұстап, Алладан тағы бір сәби сұрап, дұға тіледім",- дейді ол.

Жүктілікке дейін Ардагүлдің тұрақты жұмысы болмаған. Ол бірнеше жекеменшік мекемеде аз уақыт еңбек етіп, соңында қазіргі жұмыс орнын тапқанын айтады.

Ардагүл ең алғаш құрсағында үшем жатқанын білгенде қандай сезімде болғанын әңгімелеп берді.

"Ультрадыбыстық зерттеуге жолдасым екеуміз бірге бардық, бірақ сол күні кезек көп екен. Басқа уақытқа жазылып, екінші жолы жалғыз келдім. УДЗ кабинетіндегі маман алғашында маған егіздер деп айтты. Іштей Аллаға шүкір еттім. Артынан дәрігер шатасып кеткенін, ішімде егіздер емес, үшем жатқанын жеткізді. Көзімнен еріксіз жас шығып кетті. Емханадағы дәрігерлер де мен үшін қатты қуанды", - дейді Ардагүл.

Әріптесіміз бәрінен бұрын бұл жаңалықты күйеуі қалай қабылдағанын айта кетті.

"Күйеуіме телефонмен айтуға батылым бармады. Ол мені жұмыстан соң алып кетуге келді. Жаңалықты жолда айттым. Бірінші ішімде егіз жатқанын айтып көрдім. Ол "мүмкін емес" деп сенбеді. Сосын мен оған көлікті тоқтатуын өтіндім. "Тоқтатшы, сен тек қобалжыма, ондай-ондай болады", - деп оны дайындадым. Жолдасымның көзі жәудіреп кетті. Мен үшем күтіп жүргенімізді айтқанда ол мүлдем сенбей қойды. "Өтірік айтып отырсың, қалжыңдап отырсың" деп қоймады. Мен қолымдағы УДЗ қағаздарын көрсеттім, міне біріншісі, міне екіншісі, міне үшіншісі деп қолына ұстаттым. Сонда ғана көзі жетті. Біреу, екеу, үшеу деп санап көрді", - дейді күліп өміріндегі әсерлі күнін еске алған Ардагүл.

Ол үшем туралы естіген сәттен бастап күйеуінің отбасы үшін жауапкершілігі одан сайын арта түскенін атап өтті.

Ардагүлдің айтуынша, өз әкесінің туған қарындасы да қатарынан үш рет егіздердің анасы атанып, алты бала тәрбиелеп өсірген. Ал үшем туғандар әулетте жоқтың қасы.

"Мен тоғызыншы сынып оқығанда әпкемнің егіз босанып, алты баланың анасы атанғанын естідім. Сол кезде әпкеме қатты сүйсінгенім есімде, сондай ана болсам ғой деп армандадым. Алла тілегімді қабыл етті", - дейді ол қуанышы қойнына сыймай.

Ардагүл өзінің үшем күтіп жүргенін қазақ салтына сай көптен жасырын ұстап келген. Отағасы Кеңшілік Бекет те отбасылық жаңалықты жария етпеуді дұрыс көрген.

Жас отбасы бұл күнде Талдықорған қаласына жақын жердегі Балпық би ауылында ата-аналарымен бірге тұрып жатыр. Кеңшілік ауылда жиһаз цехында жұмысшы. Айта кету керек, жүктілік кезінде Ардагүл Әскербек ауылдан қалаға қатынап жұмыс істеген. Ардагүлге жақын таныстары үшемді пайдаланып, қалада баспанаға кезекке тұруға кеңес те берген екен. Алайда көпбалалы анаға баспанадан гөрі, балаларының амандығы қымбат.

"Мен балаларымды үкімет үшін туған жоқпын, қаладан баспаналы болу ойымда да болған жоқ, берсе берер. Балаларым - Алланың берген сыйы. Маған осылардың амандығы қымбат", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941015-ukimet-usin-tugan-zoqpyn-26-zasynda-usemdi-duniege-akelgen-zurnalist-kopbalaly-ana-atandy/