RU

Алматы тұрғындарын қайта вакциналау қашан басталатыны белгілі болды

Вакцина салу сәті
Көрнекі фото: pexels.com

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы Орталық қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова ел тұрғындарын ревакциналау қашан басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Эльвира Ибрагимова Алматы қаласы бойынша тіркелген үш вакцинаның жеткілікті мөлшерде екенін айтты. Ол алматылықтардың қарашаның соңынан бастап ресейлік, қазақстандық және қытайлық вакцинаның бустерлік дозасын алу мүмкіндігі бар екенін мәлім етті.

"Алматыда вакцина жеткілікті, ревакциналау ресейлік Спутник V, қазақстандық QazVac және қытайлық Vero cell вакцинанлары арқылы жүргізілетін болады. Қайта вакциналау қарашаның үшінші онкүндігінде басталады", - деді Эльвира Ибрагимова Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде болған баспасөз жиынында.

Эльвира Ибрагимова бустерлік дозаны вакцинаның екі компонентін толық алған ел тұрғындары алуы керегін жеткізді.

"Біз векторлы вакцина алған азаматтарға ендігі кезекте инактивтелген вакцинаны алуға кеңес береміз. Мысалы, егер Спутник V вакцинасының екі компонентін алған болсаңыз, енді QazVac немесе Vero cell вакцинасының бустерлік дозасын алған тиімді. Осылайша ағзада антидененің пайда болуына ықпал жасайсыз", - деді Эльвира Ибрагимова.

Дәрігер маман Спутник V вакцинасының екі компонентінен кейін 6-9 ай ішінде қайта вакцина алған жөн дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941075-almaty-turgyndaryn-qaita-vakcinalau-qasan-bastalatyny-belgili-boldy/