RU

"Екі газ баллоны қалуы мүмкін": Ақтаудағы жарылыстың қайталану қаупі бар

Ақтаудағы жарылыс
Фото: Facebook/Маңғыстау облысы "Қоғамдық коммуникация орталығы"

Бүгін брифинг барысында Маңғыстау облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Азамат Сейталин Ақтаудағы жарылыс орнында тағы екі газ баллоны болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, Ақтаудағы екі қабатты "Шерқала" ғимаратындағы жарылыс салдарынан 70 метр радиуста орналасқан нысандар мен ғимарат маңында тұрған көліктерге зақым келген. Журналистердің дерегінше, үйінді астында тағы екі баллон қалған. Тілшілер мұның қаншалықты қауіпті екенін сұрап көрді.

"Қазіргі уақытта мүлік иелерінен сауалнама алынды. Осылайша, оқиға орнында қанша газ баллоны болуы мүмкін екені анықталды. Екі газ баллонын шығардық. Үйінді астында тағы екеуі болуы мүмкін",- деді Азамат Сейталин.

Жарылыстың қайталануы мүмкін бе деген сұраққа Маңғыстау облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары "Иә, мүмкін" деп жауап берді.

Айта кетейік, кеше, 7 қараша күні Ақтауда жойқын жарылыс болып, екі қабатты ғимараттың тас-талқаны шықты. Абырой болғанда, жарылыс кезінде ғимаратта ешкім болмаған.

Бастапқыда әлеуметтік желіде ТЖ салдарынан қаза тапқандар туралы ақпарат пайда болған еді. Алайда, бұл мәліметті Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері теріске шығарды. Ол жарылыстан зардап шегіп, медициналық мекемелерге жүгінген адамдар болмағанын айтты.

ТЖД дерегінше, жарылыс мейрамхана маңында кетіп бара жатқан 11 көлікке зақым келтірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941087-eki-gaz-ballony-qaluy-mumkin-aqtaudagy-zarylystyn-qaitalanu-qaupi-bar/