RU

"Әзірге күдіктілер жоқ": ІІМ "Абай" шахтасындағы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс жайлы айтты

Шахта
Көрнекі сурет: pixabay.com

7 қарашада "АрселорМиттал Теміртау" АҚ "Абай" шахтасында төтенше жағдай болып, алты адам ажал құшып, тағы екі адам жансақтау бөліміне түскен еді. Қазір бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, ішкі істер министрлігі әзірге күдіктілер жоқ екенін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Абай" шахтасында болған қайғылы оқиғаға байланысты полиция Қылмыстық кодекстің 277-бабы бойынша (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) қылмыстық іс қозғады.

Алайда ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтің хабарлауынша, әзірге бұл істе күдіктілер жоқ.

"Қазіргі уақытта тергеу барысында шахта жұмысшыларының, жауапты жұмысшылардың, аталған компанияның лауазымды тұлғаларының ешқайсысынан жауап алынған жоқ және олар күдікті ретінде танылған жоқ.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде күдікті деп танылған лауазымды тұлғалар болса және әлдекімнің әрекетін Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша саралайтын болсақ, міндетті түрде хабарлаймыз.

Бірақ мұндай қылмыстық істерді тергеп-тексеру тәжірибесіне келсек, күдіктілерді анықтау тиісті сараптамалардың нәтижелері мен үкіметтік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін жүзеге асырылатынын айтқым келеді", - дейді Санжар Әділов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941091-abai-saxtasyndagy-totense-zagdai-iim-qozgalgan-qylmystyq-is-boiynsa-aqparat-berdi/