RU

Алматы облысының тұрғыны әйелінің 36 жастағы көңілдесін балтамен ұрып өлтірді деп күдіктелуде

Күдікті
Күдікті. Фото: Алматы облысының полиция департаменті

Алматы облысында 32 жастағы тұрғын әйелінің көңілдесін балталап өлтіріп тастады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Аудандық полиция бөлімшесіне көптеген дене және бас-ми жарақатын алған ер адам туралы ақпарат түседі. Ер адам ауыр жарақат салдарынан ес жимастан, қайтыс болды.

Аталған қылмыстық іс бойынша жедел тергеу тобы марқұмның кім екенін анықтады. Ол 36 жастағы Алматы тұрғыны болып шықты.

"2021 жылдың 6 қарашасында 32 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол танысын аяусыз өлтіргенін мойындады. Күдіктінің айтуынша, ол туған күн кешінде марқұм азамат әйелінің көңілдесі екенін естиді.

Кейін үйіне оралып, әйелін мойындатады. Әйелінің мойындаған сәтін бейнекамераға түсіріп алған күдікті оның көңілдесін белгісіз жерге шақырып, аталған бейнежазбаны көрсетіп, әйелінің көңілдесіне балтамен шабуылдап, көптеген дене жарақатын салады", - делінген баспасөз хабарламасында.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті 2014 жылы да істі болған. Ол қасақана денсаулыққа ауыр жарақат салып, кейін жәбірленушінің өліміне әкелігені үшін сотталған.

Бүгінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыс құралы заттай айғақ ретінде тәркіленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941146-almaty-oblysynyn-turgyny-aielinin-36-zastagy-konildesin-baltamen-uryp-oltirdi/