RU

"Көп ұрды": Жетісайлық асабаның бұрынғы әйелі басынан өткенін айтып, жан сырын ақтарды

Асаба Абылай Құдайбергеновтің бұрынғы әйелі - Ақмаржан. Кадр
Асаба Абылай Құдайбергеновтің бұрынғы әйелі - Ақмаржан. Кадр: "КТК"/"Астарлы ақиқат"

Жетісайлық тамада Абылайхан Құдайбергеновтің басы дауға қалды. Оның бұрынғы жұбайы Ақмаржан Әзенова "КТК" телеарнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасына көмек сұрап жүгінді. Айтуынша, күйеуі оны себепсіз ұрып-соғып, тіпті өзінен туған баласын мойындамай отыр. Алайда, тамаданың өзі оның бұл мәлімдемесін жоққа шығарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бағдарлама эфиріне тамаданың бұрынғы жұбайы Ақмаржан мен оның анасы Ұлболсын Әзенова қатысып, қандай проблемаға тап болғанын айтты.

Ұлболсынның сөзінше, 21 жастағы қызы жергілікті тамада Абылай Құдайбергеновке тұрмысқа шыққаннан кейін, соққының астында қалған. Ол тіпті күйеубаласының қызын ұрып жатқанын өз көзімен көріп, ақыр соңында қызымды алып кетуге мәжбүр болдым дейді.

Бағдарлама кейіпкерлерінің сөзіне сенсек, оқиға 12 желтоқсан күні болған.

"Қызым сол үйге келін болған 4,5 айдың ішінде ешқашан шағымын айтып, "мама, мына кісі маған жамандық істеп жатыр, менің үйімде мынандай болып жатыр" деп айтқан емес. Білдірген емес.

"Анашым жақсы, әкешім былай істеп жатыр. Абылай маған күнде чипсы, кола әкеп береді" деп мақтайтын. Бірақ сол күні жиенім Маржан (Ақмаржан-ред.) хабарласып жатыр деді. Тұтқаны мен алып едім, "Мама шыдамымның да шегі бар шығар, тұрмаймын" деп телефонды қоя салды. Мен үйіне бардым. Барсам, қараңғы бөлмеде қызым бүк түсіп жатыр екен. Сұп-сұлу, әп-әдемі қызым бар еді, қатты азып кеткенін, аяқ-қолында сүйек қалғанын көрдім. 4,5 айдың ішінде. "Не болды?" десем. "Мама, мені әкетіңізші, өтініш" деді", - дейді әйел.

Айтуынша, сол күні қызын әкетпек болғанда, күйеубаласы қызына кедергі болып, қоқан-лоққы көрсеткен.

"Қызыма "киімдеріңді жина" деп, өзім далада күтіп тұрдым. Бір кезде үйден "мама" деген дауыс шықты. Жүгіріп барсам, күйеубала қызымды мойнынан көтеріп ұстап алып, қылқындырып тұр. "Кетпейсің, өлтіремін", - деп жатыр екен", - дейді жәбірленушінің анасы.

Осы оқиғадан кейін Ұлболсын Әзенова ешкімге қарамастан, қызын үйіне алып кеткенін жеткізді.

Ал Ақмаржанның өзі бұл жағдай бірінші рет емес екенін айтады. Келіншек күйеуі оған себепсіз қол көтеріп, себебін сұраған кезде, тағы ұрған кездерді еске алды. Онымен қоса, күйеуі жаңа туған 2,5 айлық сәбиінің де өзінікі екеніне сенбестік танытты, дейді Ақмаржан.

Сондықтан, ол қазіргі таңда басты мақсаты - әкесіне баланы мойындату екенін айтып отыр.

"Басты мақсатым - баласын мойындасын. Ертең, менен "әкем кім?" деп сұраған кезде не айтамын ол кісі мойындамай жүрсе? Елдің алдында талай өсектер шығарды. Көшеге шығып, қатарластарыммен араласудан қалдым. Бірінші балам түсіп қалды. Неден түсіп қалғанын білмеймін. Бірақ, көп ұрды. Не үшін ұрасың деп сұрағаным үшін де ұрады ғой ол кісі. Сен келгелі бұл үйде абыройым болмай қалды, дейтін.

Мысалы, абысыным куә ғой, асханада тұрсам ыдыс жуып, келеді де шапалақпен салып қалады. "Не үшін ұрып жатырсыз?" десем, "Сен неге сұрайсың? Неге сен маған сөз қайтарасың?" дейді. Айтатыны, "сен маған сөз қайтарасың", - дейді Ақмаржан.

Алайда, асаба бұрынғы әйелінің сөзін жоққа шығарып отыр. Ол жеке өмірін ел талқысына салуға қарсылығын білдіріп, барлық мәселені сот арқылы шешетінін айтты. Ал баланың өзінікі не өзгенікі екенін анықтау үшін ДНҚ сараптамасын өзі жасайтынын жеткізіп, бағдарламаға қатысудан бас тартты.

"Менің солай айтқанымды, менің солай жасағанымды дәлелдеп берсін. Оның бәрі өтірік. Ешқандай ондай нәрсе болмаған. ДНҚ-ны сотта тапсырамын. Менің балам болып шықса, тегімді беремін. Алименттен де қашып отырған жоқпын. Ұрып-соққаныма дәлел жоқ. Дәлелдеп берсін", - дейді ол студияда журналист Дина Төлепбергенмен телефон арқылы сөйлескен кезде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941251-kop-urdy-zetisailyq-asabanyn-buryngy-aieli-basynan-otkenin-aityp-zan-syryn-aqtardy/