RU

"Көк" статусы бар алматылықтарға жұмыс күндері сауда орталықтарына кіруге тыйым салына ма

ашық жобасы11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматыда Ashyq жүйесінде "көк" статусы бар адамдарға жұмыс пен демалыс күндері сауда орталықтарына кіруге тыйым салынуы мүмкін бе? Бұл сұраққа оңтүстік астананың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары Сәдуақас Байғабылов жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өткен демалыс күндері Нұр-Сұлтан әкімдігі 8 қарашадан бастап елордадағы сауда орталықтарына жұмыс пен демалыс күндері Ashyq жүйесінде тек "жасыл" статусы бар азаматтар ғана кіре алатынын хабарлаған еді.

Алайда, жаңа шектеудің кейінге қалдырылғаны белгілі болды. Себебі, мұндай шара санитарлық дәрігердің қаулысынсыз қабылданбайды.

Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл ойдан бас тартып отырған жоқ. Қазір шаһар билігі қаланың бас санитарлық дәрігердің қаулысын күтіп отыр. Оған сәйкес, "көк" статусы бар астаналықтар сауда орталықтарына кіре алмайды.

Ал Алматыда мұндай шара енгізу жоспарда жоқ, дейді қалалық СЭБК басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Оның айтуынша, қазір жұмыс күндері Ashyq жүйесіндегі барлық нысанға, оның ішінде сауда - ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлеріне "жасыл" және "көк" статусы бар адамдар кіре алады. Ал демалыс күндері есік тек "жасыл" статусы бар адамдарға ашық.

"Жұмыс күндері "көк" мәртебесі бар адамдарға сауда - ойын-сауық орталықтарына кіруге тыйым салу жоспарда жоқ", - дейді Байғабылов.

Осыған дейін Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары "көк" мәртебесі бар адамдарға сауда орталықтарына кіруге тыйым салу шарасы елдің барлық өңірінде қарастырылып жатқанын айтқан еді.

Ал "Атамекен" ҰКП мұндай шаралардың кәсіп иелеріне келтірер залалы мол деп есептейді.

"Бұл вакцинация есебін өзгертпейді, себебі көпшілік статус тексермейтін жерге ауысады. Олар базарға барады. Ал онда бәрін бақылау мүмкін емес. Адамдар бәрібір басқа жаққа бара бастайды", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941274-kok-statusy-bar-almatylyqtarga-zumys-kunderi-sauda-ortalyqtaryna-kiruge-tyiym-salyna-ma/