Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көлігіне Ресей нөмірін таққан жүргізушілер митингке шықты (фото)

Опубликовано:

Көлік
Фото: Ақ Жайық

Атырауда ресейлік нөмір таққан автокөліктердің жүргізушілері облыс әкімдігінің алдына жиналып, көліктерін айыптұрағынан шығарып, заңдастырып беруді талап етті деп хабарлайды Ақ Жайық.

Басылым дерегінше, жиналғандардың басым бөлігі көлікті Атыраудан немесе Оралдан сатып алған.

Арасында Ресей Федерациясының шекарасы арқылы жеткізілгендер де бар.

Айтуларынша, осыған дейін олар еш кедергісіз көліктерін жүргізіп жүрген еді, тек өткен аптаның соңында ғана полиция көліктерді тоқтатып, барлығын айыптұрағына қойып тастаған.

"Заң солай дейді. Онда неге дәр қазір оны қолдана бастады? Иә, арзан көлік сатып алдым, сонда ол қылмыс па? Арамызда такси болып, нәпақасын тауып жүргендер бар. Олар енді қалай күн көреді?", - деп ашуланады жергілікті тұрғын Жасұлан Қазиев.

Сонымен қатар Абылайхан есімді атыраулық та осыған дейін биліктің қайда қарап отырғанын сөз етті.

"Шекарада көлікті еш кедергісіз өткізіп жібереді де, кейін тыным бермейді. Қазақстанда Ресейден әкелінген 88 мың автокөлік жүр екен", - дейді Абылайхан.

Атырау
Фото: Ақ Жайық

Жиналғандар Қазақстанда тіркеуде тұрған көлікті сатып ала алмайтындарын ашық айтты. Сөздерінше, олардың бағасы өте қымбат.

"Салығын төлейміз, бірақ көлігімізді заңдастырып, еркін жүруге рұқсат берсін", - деп шулады жиналғандар.

Жиналған топ Атырау облысы әкімдігінің ғимаратына шақырылды.

Олар Атырау облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Амангелді, жергілікті полиция басқармасының басшысы Мырзалы Өтеулиев, ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұханов пен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновпен кездесті.

Атырау
Фото: Ақ Жайық

Берік Амангелді бұл мәселенің шешімін полиция әзірге айта алмайтынын жеткізді.

Ал Қайрат Бекенов ішкі істер министрлігіне хат жолдаймыз деп уәде етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941290-koligine-resei-nomirin-taqqan-zurgizusiler-oblystyq-akimdik-aldyna-mitingke-syqty/

pixel