RU

"Тірі қалуы мүмкін еді": Атырау тұрғыны тоқ соққан ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлауда

Жедел жәрдем көлігі
Көрнекі фото: МИР24

Атырау тұрғыны Сергей Писарев жедел жәрдем фельдшерлерін өз міндеттерін дұрыс орындамады деп айыптап отыр. 30 қазанда Балықшыдағы өз үйінде оның 10 жасар ұлын тоқ соғып, қайтыс болған. Писаревтің айтуынша, жедел жәрдем келгенше ол әлі тірі болған, бірақ дәрігерлер БАҚ-та баланың оқиға орнында қайтыс болғанын хабарлапты. 

"Ақ Жайық" басылымының дерегінше, қайғылы оқиға болған күні әйелі перзентханада үшінші баласын босанып жатқан, ал Писаревтің өзі Бесіктіге жұмысқа кеткен.

Әжесімен үйде қалған 10 жастағы Наиль ойнап жүріп, тоңазытқыштың артына тығылып, сол кезде тоқ соққан.

Сол сәтте әжесі дереу жедел жәрдем шақырып, жасанды тыныс алдыруға кіріседі. Ол тыныс алып жатқан.

"Біздің үйде болған оқиғаның бәрін көршілер көрді. Жедел жәрдем тез жетіп, медицина қызметкерлері сәбиді әжесінің қолынан алып, көлікке қарай жүгірген. Массаж жасамаған, оттегі бермеген. Олар ұлымды алып кетті, бірақ өлі күйінде кері әкелді. Содан кейін полиция шақырып, олар мәйітін мәйітханаға алып кетті. Мен мәйітті союға қарсы болдым, бірақ олар сойылмайды деп алдады, іс жүзінде сол жерде сойыпты", - дейді Сергей Писарев.

"Ал бұл жерде бала жедел жәрдем келгенше қайтыс болды деп өтірік айтылды. Неге олай дейді? Өз қызметкерлерінің кәсібилікке жатпайтын әрекеттерін жасыру үшін жасап отырғанына сенімдімін. Мен қанқұмар жан емеспін, бірақ жедел жәрдем дәрігерлерінің өз біліксіздіктері үшін жауап беруін талап етемін. Егер олар бәрін дұрыс істесе, балам тірі қалар ма еді. Полиция департаментіне арыз жаздым, олардың заң бойынша жазаланғанын қалаймын",- дейді ол.

Облыстық жедел жәрдем станциясы қазір Писаревтің арызы полицияда қаралып жатқанын, ешқандай түсініктеме берілмейтінін айтты. Балықшыға шақыртуға барған қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру басталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941345-tiri-qaluy-mumkin-edi-atyrau-turgyny-toq-soqqan-ulynyn-olimine-darigerlerdi-kinalauda/