Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әйелім жақында босанады": Бір түнде үйі өртенген атыраулық азамат отбасымен далада қалды (фото)

Жарияланған күні:

Нұрлыбек Жұмахметовтің өртенген үйі
Нұрлыбек Жұмахметовтің өртенген үйі: жеке мұрағат

Атырау қаласының тұрғыны Нұрлыбек Жұмахметов жанұясымен бірге күздің қара суығында далада қалды. Өз еңбегімен салған бес бөлмелі үйі бір түн ішінде өртеніп кетті. Абырой болғанда, екі баласы және жүкті әйелімен бірге өрттен аман шыққан. Алайда, бір түн ішінде күл-талқаны шыққан үйін қайтадан тіктеп, қара суықта отбасына пана табу Нұрлыбекке қиын соғып отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрлыбек Жұмахметов Атырауда жұмыс істейді. Ол бірнеше жыл бойы ақшасын жинап, Атыраудан жер үй салып алған. Бірақ 29 қазанның түнінде тілсіз жау Нұрлыбектің үлкен еңбекпен салған үйін күл-талқан етті.

"Біз біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан қарапайым отбасымыз. Екі ұлым бар, келіншегімнің аяғы ауыр. Айы-күні де жақындап қалды. 29 қазан күні біз тұратын ауданда қайта-қайта электр жарығы өшіп қалды. Бір жанып, бір сөніп тұрғанына қатты мән бермедік. Орталықтан солай болып тұрған шығар деп топшыладым.

Осылайша, ұйқыға кеткенбіз. Әйелім жарық сөніп қалғанын айтып, түн ішінде оятты. Сол кезде құдай да қарасқан шығар, көршілерімнің даусы шықты. Олар түнде далаға шыққанда біздің үйдің шатыры өртеніп жатқанын байқаған. Ал үй ішіндегі бізге өрт еш сезілген жоқ. Түтін исі де келмеді. Егер көршілерім көріп қалмаса, біздің жағдайымыз не болатынын білмеймін", - дейді Нұрлыбек.

Осылайша, Нұрлыбек түн ішінде отбасын далаға алып шыққан. Бүгінде олар туыстарының үйін жағалап жүр.

Нұрлыбек Жұмахметовтің өртенген үйі
Нұрлыбек Жұмахметовтің өртенген үйі: жеке мұрағат

"Қыс келіп қалды. Аяқ астынан осындай жағдайға тап болған соң, не істерімді де білмей қалдым. Үйді қайтадан қалпына келтіру қиын, оның үстіне, төтенше жағдайлар департаменті өрт себебін анықтау үшін ештеңені қозғатпай отыр. Әйелім жақында босанады. Қайда барарымызды білмей қалдық. Өзім Ақтөбенің тумасымын, Атырауға жолдама бойынша жұмыс істеуге барғанмын. Сол жақта үйленіп, отбасылы болып, қалып қойдым. Қазір әйелімнің туыстарының үйінде уақытша тұрып жатырмыз. Қар жауса, қайда барарымды, не істерімді білмеймін. Осы орайда, жанашыр жандар қол ұшын созса екен", - дейді ол.

Нұрлыбек Жұмахметовтің реквизиті:

Kaspi Gold: 8 701 501 01 02

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1941493-aielim-zaqynda-bosanady-bir-tunde-uii-ortengen-atyraulyq-azamat-otbasymen-dalada-qaldy-foto/