RU

Қазақстанда банк қосымшаларында "төлем" функциясы пайда болуы мүмкін

Ұялы телефон
Көрнекі фото: pixabay.com

Еліміздің қаржы министрлігі салық және басқа да міндетті төлемдер туралы кодекске енгізілген өзгерістерге қатысты түсінік берді. Енді төлем ретінде картаға мобильді аударымды қабылдай отырып, салықтан жалтаратын отандық кәсіпкерлерге тосқауыл қойылуы мүмкін. Депутаттар осы мақсатта банк қосымшаларында "төлем" функциясын жасауды ұсынып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгін мәжілісте салық және басқа да төлемдер туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасы мақұлданды.

Онда "мобильдік аударым" ұғымын нақтылау жоспарланған. Бұрын мұндай төлем түрі жазылмаған еді, өйткені адамдар қолма-қол ақшамен немесе картамен төлем жасайтын.

Ал қазір мобильді аударымдар арқылы жасалатын төлем бизнес иелеріне салықтан жалтаруға мүмкіндік беріп отыр. Депутат Сергей Симоновтың пікірінше, енді банктер өз мобильді қосымшаларын жетілдіруге тиіс. Онда жеке шоттар мен бизнес жүргізуге арналған шоттар бөлініп, мобильді ақша аудару кезінде чекті фискализациялау жеңілдетілуі керек.

Осы ретте қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев банк қосымшаларында "төлем" функциясы пайда болуы керек екенін айтты.

"Қазір мобильді қосымша пайдаланушыларында тек "ақша аудару" қызметі бар. Енді "төлем" функциясы пайда болуы керек. Картопқа төлейсіз бе, әлде басқаға төлейсіз бе, таңдайсыз. Ақша туыстардың арасында аударылады, ал төлем тауарға, жұмысқа немесе көрсетілген қызметке жасалады. Дәл қолма-қол ақшамен, картамен төлеген сияқты", - дейді спикер.

Ол тауарға мобильді аударым жасайтын қазақстандықтар өз құқығынан айырылып отырғанын, себебі тұтынушы ретінде чек ала алмайтынын алға тартты.

Ал заңды төлем жасағанда чек алып, артынша тауарға шағымданып немесе қайта қайтаруға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941526-qazaqstanda-bank-qosymsalarynda-tolem-funkciyasy-paida-boluy-mumkin/