RU

Мәскеу метросында полицейлер намаз оқып жатқан адамға араша түсті

Намаз
Видеодан кадр: Facebook/ Танирберген Бердонгар

Мәскеу метросында полицейлер намаз оқып жатқан адамға араша түсті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл сәттің видеосын Тәңірберген Бердоңғар Facebook парақшасына бөлісті.

Кадрдан метрополитендегі полиция бөлімшесінің алдында әлдекімнің намаз оқып отырғанын аңғаруға болады.

Бұны видеоға түсіріп тұрған адам полиция қызметкерлерінен полиция бөлімшесінің алдында намаз оқу қаншалықты дұрыс екенін сұрайды.

Тәртіп сақшылары ер адамның заңға қайшы әрекет етіп жатпағанын, жай құлшылық жасап жатқанын түсіндіреді.

Алайда куәгер тәртіп сақшыларының заңнан бейхабар екенін айтады. Бұған жауап ретінде полиция қызметкерлері метрополитенде құлшылық жасауға тыйым салынбағанын жеткізді.

Көпшіліктің видеоға қатысты пікір екіге бөлінді. Бірі қоғамдық көлікте құлшылық еткен адамды сынға алса, енді бірі онда тұрған ештеңе жоқ екенін жазуда.

"Намазды ешкімге кедергі жасамай, адамдардан тыс жерде оқу керек", "Полицей қыз жақсы түсіндіріп берді", "Намаз оқуға болмайды, ішуге бола ма сонда?", "Заң қызметкері осындай болуы керек", - деп пікір білдірді желідегілер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941553-maskeu-metrosynda-policeiler-namaz-oqyp-zatqan-adamga-arasa-tusti-video/