RU

"Залдың үштен бірі бетпердесіз отырды": БҚО әкімі карантин шараларын сақтамаған басшыларды жазалауды тапсырды

Ғали Есқалиев
Ғали Есқалиев. Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың отырысында кейбір мемлекеттік орган басшыларының карантин шараларын сақтаудағы әрекетін сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Атамекен" мәдениет сарайының ашылуында залдың үштен бірі бетпердесіз отырды. Мекеме директоры міндетті түрде жауапкершілікке тарту керек", – дейді аймақ басшысы.

Ал санитарлық дәрігерлер бұған қатысты ешқандай шағым келіп түспегенін хабарлады.

Дегенмен, шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ, жиын барысында мемлекеттік мекемелерге "қызыл" және "сары" мәртебесі бар азаматтардың кіргені белгілі болды. Заң бұзушылықтар Ashyq қосымшасы арқылы анықталған.

"Осындай мемлекеттік мекеме басшыларын жазалау керек. Бұл сауда орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындарына да қатысты. Тек қараша айының өзінде "қызыл" және "сары" мәртебесі бар 24 адам тіркелген. Тағы да еске сала кетейін, егер мемлекеттік ұйымдарда немесе жеке кәсіпорындарда вакцина салдырған қызметкерлер саны 60 пайыздан аспаса, адамдарды қашықтан жұмыс істеуге жіберуге немесе кәсіпорындарды мүлдем жабуға болады", – дейді Ғали Есқалиев.

Сондай-ақ, штаб отырысында 60 жастан асқан азаматтарға вакцина салдыру деңгейін арттыру туралы тапсырма берілді.

Қазір осы мақсатта БҚО-да жылжымалы бригада құрылған. 5 мыңнан астам қария екпе алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941557-korermenderdin-usten-biri-betperdesiz-otyrdy-bqo-akimi-zana-madeniet-saraiynyn-direktoryn-zauapkersilikke-tartudy-tapsyrdy/