RU

Оралда бір пәтердің құнына тең келетін жылы аялдамалар пайда болды

Елордадағы жылы аялдама
Елордадағы жылы аялдама. Көрнекі фото: astana.gov.kz

Оралда жылы аялдамалар пайда болды. Оның әрқайсысы 10 миллион теңгеге салынған. Алайда қымбат аялдама тұрғындардың көңілінен шықпаған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

"10 миллион деген өте қымбат, әрине. Бұл ақшаға екі бөлмелі пәтер салып алуға болады. Аялдама үшін осыншама ақша жұмсау деген ақылға қонымсыз ғой", - деді жергілікті тұрғын Татьяна Ильичева.

Аялдамалардың ауданы 20 шаршы метрден аспайды. Қалың шыныдан салынған. Ішінде жазда ауаны салқындататын кондиционер және суық мезгілде қосылатын жылытқышы бар. Ұялы телефонды қуаттап алуға бірнеше тоқ көзі қарастырылған.

Дәл осындай аялдама жыл басында шаһардың екі жеріне салынған еді. Бірақ олардың құны қазіргіден 3 млн теңгеге арзан болды. Ол кезде де қарапайым болып көрінетін құрылыстың құны жұртшылықты ашуландырған.

Атқамінерлер бұл мәселені құрылыс материалдарының қымбатшылығымен түсіндірді. Орнату жұмыстары мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылған.

"Аялдаманы салған жекеменшік компания әр нысанға 10 млн теңге жұмсаған. Бұл құжат бойынша да солай. Биыл, өздеріңіз білесіздер, құрылыс материалдарының бәрі күрт қымбаттап кетті. Сол үшін де аялдама құрылысы да арзанға бағаланып отырған жоқ", - деді БҚО жолаушы көлігі секторының бас маманы Нұрлыбек Мұхамбетқалиев.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941842-oralda-bir-paterdin-qunyna-parapar-zyly-ayaldamalar-paida-boldy/