RU

Абай шахтасындағы жарылыс: Ильин қайғылы оқиғаға не себеп болуы мүмкін екенін айтты

шахта1
Көрнекі фото: pixabay.com

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин сенат отырысында Қарағанды облысы "Абай" шахтасында болған қайғылы оқиғаның алдын ала себебін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Инспекторлар тау-кен жұмыстарын жүргізуге байланысты қауіпсіздік талаптарының жүйелі түрде бұзылуын анықтап отырды. Алдын ала нұсқа бойынша апатқа көмір қабаттарын газсыздандыру, кейбір аумақтарда метан концентрациясын автоматты түрде анықтау жүйесінің болмауы және басқа да бұзушылықтар себеп болуы мүмкін", - деді министр.

Оның сөзінше, бүгінде аталған кен орнында жұмыс тоқтатылған.

"Қазір мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Шахтада бір мезетте 8 мың текше метрден астам метан бөлінгені анықталды. Біз метанды анықтау датчиктерін іске қосу арқылы метан концентрациясының 41 пайыздан астамы күрт көтеріліп, шамамен 100 тонна тау-кен массасы опырылғанын байқадық", - деді Ильин.

Осы ретте министр бүгінде үйіндіні тазарту жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

"Менің ойымша, жұмыстар бүгін кешке дейін аяқталады. Бүгін үкімет сағатынан кейін мен комиссия төрағасы ретінде апаттың негізгі себебін анықтау үшін оқиға орнына барамын", - дейді Юрий Ильин.

Еске сала кетсек, 7 қарашада сағат 08.37-де Абай қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтасында желдеткіш Штрек 3-К10 түбінде метан газының кенеттен шығуы орын алған еді.

Салдарынан оқиға орнында қалған сегіз қызметкердің алтауы қайтыс болды, екеуі зардап шекті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941878-arselormittal-temirtaudagy-zarylys-ilin-qaigyly-oqiganyn-bolzaldy-sebebin-aitty/