RU

"Үстінде көрпе болды": Алматы тұрғыны әйелін ұрып өлтірген (видео)

Зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Алматыда үш баланың анасы күйеуінің қолынан қаза тапты. Ер адам қашып бара жатқан жерінен ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға Ақбұлақ ықшам ауданында болған. 42 жастағы әйелдің анасы үйдегі айқай-шуды естіп, учаскелік инспекторды шақырған. Ал өзі үйге кірмеген.

"Айқай-шуды естідім, тағы балалары ойнап жүр деп ойладым. Неге екенін білмеймін, өзім кірген жоқпын. Анау шығып кетті де, жоқ болды. Артынан мен кірдім. Қызым төсекте жатыр, үстінде көрпе болды. Ұйықтап жатыр деп ойлап қалдым", - дейді ол.

Көрпені ашқанда әйелдің өлі күйінде жатқаны анықталған. Оның денесінде көгеріп қалған жерлер де болған.

Алатау аудандық полиция бөлімінің инспекторы Дәурен Шәпкенов күдіктіні қашып бара жатқан жерінен ұстап алды.

"Мен оны Шәріп көшесінің бойынан ұстап алдым. Сосын оқиға орнына алып келдім", - деді Шәпкенов.

39 жастағы күдікті өз кінәсін мойындаған жоқ.

"Мен кеткенде ол тірі болған", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941900-ustinde-korpe-boldy-almaty-turgyny-aielin-uryp-oltirgen-video/