RU

Дипломды сатып алмақ болған шымкенттік тұрғын оңбай алданып қалды

Көрнекі
Көрнекі фото: polisia.kz

Шымкент қаласының тұрғыны диплом сатып аламын деп, 200 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгілі болғандай, әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған.

Оның сөзінше, бейтаныс азамат Шымкент қаласындағы оқу орындарының бірі арқылы диплом алып беретінін айтып, әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 196 000 теңгесін алған.

Алайда арада уақыт өтсе де, не дипломын, не ақшасын кері қайтарып ала алмаған.

Аталған жайтты тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша тіркеуге алған.

Жедел-тергеу тобы іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде, полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны әл-Фараби АПБ-на жеткізген.

Тергеу кезінде ер адам жәбірленушінің сеніміне кіріп, ақшасын алғанын мойындаған.

Қазіргі кезде аталмыш фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да алаяқтық жайттарға қатысы бар-жоғын анықтауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941987-symkentte-200-myn-tengege-diplom-alyp-beremin-degen-adam-ustaldy/